Катарлықтар Астана ХҚО-да $10 млн капиталы бар Ислам банкін құрды
Астана халықаралық қаржы орталығында Al-Amanah Islamic Bank Ltd. атты жаңа ислам банкі тіркелді. Оның жалғыз акционері ретінде Катар қаржы орталығында орналасқан Finagroup Holding LLC компаниясы көрсетілген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бөлшек клиенттерге қызмет көрсетпейді
АХҚО-ның ресми реестріндегі мәліметке сәйкес, Al-Amanah Islamic Bank Ltd. 2026 жылы 21 тамызда жеке компания ретінде тіркелген. Қазіргі мәртебесі – белсенді. Компания кәсіби клиенттер мен нарықтық контрагенттерге қызмет көрсететін толыққанды ислам банкін құруды жоспарлап отыр. Алайда банк жеке тұлғаларға арналған бөлшек қызметтерді ұсынбайды.
Жаңа қаржы ұйымы клиенттердің қаражатын Qard, яғни пайызсыз қарыз қағидаты бойынша қабылдауды көздейді. Сондай-ақ Wakala UPSIA инвестициялық шоттары ұсынылмақ. Бұл тетік бойынша банк клиент қаражатын агент ретінде басқарып, оны шариғат талаптарына сай құралдарға орналастырады. Қаржыландырудың негізгі бағыттары ретінде Murabaha және Tawarruq тәсілдері көрсетілген. Murabaha кезінде банк белгілі бір активті сатып алып, оны клиентке алдын ала келісілген үстеме бағамен сатады. Ал Tawarruq клиентке тауарды бірнеше кезеңмен сатып алу және сату арқылы қаржы тартуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Al-Amanah трансшекаралық сауда есеп айырысуларын жүргізіп, қолма-қол валютаны айырбастау операцияларын ұсынбақ. Қызметі МФЦА талаптарына және ислам қаржы ұйымдарына арналған AAOIFI стандарттарына сай жүргізілуге тиіс. Шариғат қағидаларының сақталуын тәуелсіз шариғат кеңесі бақылайды.
$10 млн капитал және лицензия мәселесі
Al-Amanah Islamic Bank-тің жарияланған жарғылық капиталы 10 млн долларды құрайды. Компанияның 10 мың жай акциясы бар, әр акцияның номиналды құны – 1 мың доллар. Банктің жалғыз акционері – Finagroup Holding LLC. Бас атқарушы директор қызметіне Наргиза Худабаева тағайындалған. Ол компанияның директоры әрі уәкілетті қол қоюшысы қызметін де атқарады. Директорлар кеңесіне Максим Полетаев пен Мирлан Таймурзаев кірген.
Мирлан Таймурзаев бұған дейін АХҚО аумағында жұмыс істейтін тағы бір ислам қаржы ұйымы – Al Safi Bank-ті басқарған. AFSA реестріне сәйкес, ол аталған банктің бас директоры қызметін 2024 жылғы қазаннан 2025 жылғы қарашаға дейін атқарды. Алайда компанияны тіркеу мен банктік лицензия алу – екі бөлек рәсім. Al-Amanah Islamic Bank заңды тұлға ретінде тіркелгенімен, 24 тамыздағы жағдай бойынша оның лицензиясы AХҚО-ның уәкілетті қаржы ұйымдары реестрінде жарияланған жоқ.
АХҚО талаптарына сәйкес, оның аумағында қаржы қызметін көрсету үшін реттеушінің арнайы лицензиясын алу қажет. Сондықтан Al-Amanah әзірге банктік операцияларды бастады деп айтуға болмайды. Қаржы ұйымының нақты қызметке кірісуі AFSA лицензиясын алғаннан кейін ғана мүмкін болмақ.