TOP-2Спорт

Қазақстан құрамасы дзюдодан әлем чемпионатында рекордтық нәтиже көрсетті

Қазақстан құрамасы дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында рекордтық нәтиже көрсетті. Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен додада қазақстандық спортшылар 10 медаль иеленіп қана қоймай, аралас командалық жарыста алғаш рет әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Tizgin.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Он медаль және тарихи командалық жеңіс

Қазақстандық дзюдошылар жекелей сындарда үш алтын, үш күміс және төрт қола медаль жеңіп алды. Осылайша ұлттық құрама әлем чемпионатын жалпы саны 10 жүлдемен аяқтап, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді.

Ұлдар құрамасы командалық есепте бірінші орынға көтерілсе, қыздар арасында Қазақстан командасы екінші нәтиже көрсетті. Ал Фатима Супығалиева жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық дзюдошы ретінде тарихқа енді.

Жекелей жарыстардағы табыстың жалғасы аралас командалық додада көрінді. Қазақстан құрамасы шешуші белдесулерде қарсыластарынан басым түсіп, өз тарихында алғаш рет командалық әлем чемпионатының алтын медалін иеленді.

Осылайша Гуаякильдегі дода қазақстандық жасөспірімдер үшін кезекті жарыс қана емес, отандық дзюдо тарихындағы жаңа белеске айналды.

Бір жеңістің ар жағындағы жаңа жүйе

Туризм және спорт министрлігі бұл нәтижені Қазақстан дзюдо федерациясы және «Жеңіс» клубымен бірлесіп жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі деп бағалады.

Париж Олимпиадасынан кейін ұлттық құрамаларды даярлау тәсілдері қайта қарала бастаған. Қазір отандық бапкерлер Эцио Гамба бастаған жетекші шетелдік мамандармен тығыз жұмыс істеп жүр. Сонымен бірге жасөспірімдер, жастар және ұлттық құрамаларды даярлау үдерісі біртұтас әдістемеге біріктірілуде.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, жаңа жүйе спортшыны жасөспірімдер құрамасынан Олимпиада деңгейіне дейін үздіксіз даярлауды көздейді.

«Біз біртұтас даярлық жүйесін қалыптастырып жатырмыз: жасөспірімдер — жастар — ұлттық құрама — Олимпиада ойындары. Спортшы бір жас санатынан екіншісіне өткен кезде дайындықты қайта бастамауы тиіс. Ол бірыңғай талаптар, ғылыми сүйемелдеу және нақты даму траекториясы қамтылған ортақ модель аясында жұмысын жалғастырады. Командалық алтын мен жекелей жарыстардағы рекордтық он медаль — жаңа жүйенің тиімді жұмыс істеп жатқанының нақты дәлелі. Ендігі міндетіміз — осы тәжірибені басқа спорт түрлеріне кезең-кезеңімен енгізу», — деді министр.

Бірыңғай модель жаттығу үдерісін ғылыми тұрғыдан талдауды, спортшылардың функционалдық жағдайын диагностикалауды, жүктемені жеке жоспарлауды, спорттық медицинаны және қалпына келтіру жұмыстарын қамтиды. Сондай-ақ әр спортшының даму динамикасы тұрақты бақылауда болады.

Бұл бағытта ұлттық құрамаларды ғылыми және талдамалық тұрғыдан сүйемелдеуге тиіс Ұлттық спорт университетіне де маңызды міндет жүктелмек.

Министрлік дзюдода қолданылған тәсілдерді жетекші отандық және шетелдік мамандардың қатысуымен семсерлесу, бокс, күрес және өзге де спорт түрлеріне кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр. Ал Қазақстан құрамасының Гуаякильдегі тарихи нәтижесі жаңа даярлық жүйесінің алғашқы ірі жемісіне айналды.

Президент құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасын аралас командалық жарыстағы айтулы жеңісімен, ал Ғабит Расулханды, Фатима Сұпығалиеваны, Әділжан Жаудиновті жекелеген сында алтын медальға ие болуымен құттықтады. Президент жас чемпиондардың спорттағы жолы жарқын болуына және жаңа биіктерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

Back to top button