Бас прокуратура мемлекетке өтелмеген 30,1 млрд теңге залалды анықтады
Кейінгі екі жылда елде қаралған қылмыстық істер бойынша мемлекетке жалпы сомасы 66,5 млрд теңге залал келтірілген. Соның 30,1 млрд теңгесі әлі өндірілмеген, деп хабарлайды Tizgin.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Мемлекеттік органдар талап-арыз бермеген
Бас прокуратура талдау жүргізгеннен кейін мемлекетке келтірілген залалдың елеулі бөлігі өтелмей қалғанын анықтаған. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себептерінің бірі – уәкілетті мемлекеттік органдардың залалды өндіру туралы талап-арыздарды уақтылы бермеуі. Талдау қорытындысынан кейін прокуратура органдары мемлекеттің мүліктік мүдделерін қалпына келтіру және қаражатты бюджетке қайтару жұмыстарын бастаған. Прокурорлар жалпы сомасы 30,1 млрд теңгені өндіру мақсатында алты ұсыну мен үш наразылық енгізіп, соттарға 27 талап-арыз берген.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 651 млн теңге мемлекет кірісіне нақты өндірілді. Қалған соманы қайтаруға қатысты талап-арыздар қазір қаралып жатыр.
63 көліктің құжатына жалған өзгеріс енгізілген
Бас прокуратура мұндай істердің бірі Қызылорда облысында анықталғанын хабарлады. Екі азамат ақпараттық жүйеге көрінеу жалған мәлімет енгізу арқылы 63 автокөліктің техникалық құжаттарына өзгеріс енгізген.
Соның салдарынан 16 автокөлік бойынша 115,3 млн теңге көлеміндегі кедендік төлем бюджетке түспеген. Бұған қоса, 63 автокөлікті бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін төленуге тиіс 460,6 млн теңге алым өндірілмей қалған.
Осылайша, бюджетке келтірілген жалпы залал 575,9 млн теңгеге жеткен.
Прокуратураның араласуынан кейін уәкілетті орган сотқа жүгініп, 575,9 млн теңгені мемлекет пайдасына өндіруге қол жеткізді.
Бас прокуратура бұл бағыттағы жұмыстың басты мақсаты мемлекетке келтірілген залалды қағаз жүзінде анықтаумен шектелмей, қаражаттың бюджетке нақты қайтарылуын қамтамасыз ету екенін атап өтті.