«Штат болмай-ақ жеңілдік алғысы келеді»: Трамп Канадаға шүйлікті
АҚШ президенті Дональд Трамп Канаданың америкалық тауарларға 50 пайыздық баж енгізу туралы шешіміне өткір жауап берді. Екі елдің сауда келіссөзі сәтсіз аяқталғаннан кейін Вашингтон мен Оттава бір-бірінің тауарларына бірдей мөлшерде тариф жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы DW басылымына сілтеме жасап.
50 пайыздық бажға 50 пайыздық жауап
Дональд Трамп Канаданың АҚШ құрамындағы штат болмай-ақ, америкалық штаттарға берілетін артықшылықтарды иеленгісі келетінін мәлімдеді.
«Канада штат болмай-ақ, штаттың артықшылықтарына ие болғысы келеді! Оның үстіне, олар көптеген жыл бойы біздің тамаша фермерлерімізден орасан зор баж алып келді. Енді мұнымен бәрі бітті!» – деп жазды Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында.
Бұған дейін АҚШ Канададан әкелінетін бірқатар тауарға 50 пайыздық кедендік баж енгізген. Жаңа тариф шарап, жиһаз, сүт өнімдері, цемент, киім-кешек, қармақ және хоккей жабдықтарын қамтиды.
Жалпы құны шамамен 20 миллиард доллар болатын тауарларға қосымша баж салынбақ. AFP агенттігінің есебінше, бұл Канаданың АҚШ-қа жөнелтетін бүкіл экспортының 5,5 пайызына тең.
Канада премьер-министрі Марк Карни де Вашингтонның шешімін жауапсыз қалдырмады. Ол АҚШ-тан жеткізілетін бірқатар тауарға 50 пайыздық баж енгізілетінін хабарлады. Тарифтер сүт және металлургия өнеркәсібінің өнімдеріне, тұрмыстық техникаға, электроникаға, сондай-ақ целлюлоза мен қағазға қатысты болмақ.
Канада үкіметі жаңа шаралардың толық тізімін алдағы күндері жариялайды. Жауап тарифтері 8 қыркүйекте күшіне енеді. Карни бұл шешімге үкіметтің «құлықсыз болса да» баруға мәжбүр болғанын айтты.
Сауда келіссөзі неге сәтсіз аяқталды
21 тамызда Марк Карни АҚШ-пен сауда келісімі жөніндегі келіссөздерді тоқтатып, канадалық делегацияны Оттаваға қайтарғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Вашингтон соңғы сәтте келісім талаптарын өзгертіп, «әділетсіз әрі нарық қағидаларына қайшы» ұсыныстар енгізген.
АҚШ тарапы, керісінше, келісімнің бұзылуына Канаданы кінәлады. Вашингтонның сауда өкілі Джеймисон Грир Оттаваның апта басында келісілген шарттар бойынша құжатты бекітуден бас тартқанын айтты.
Трамп әкімшілігіндегі дереккөздің мәліметінше, АҚШ Канадаға америкалық нарықтағы ірі экспорттаушылар арасындағы ең тиімді тарифтік шарттарды ұсынған. Алайда Оттава болат, алюминий, автомобиль және қылқанжапырақты ағаш материалдарына салынатын бажды одан әрі азайтуды талап еткен. Жаңа тарифтер күшіне енгеннен кейін екі ел арасындағы келіссөзді қайта бастау әзірге жоспарланып отырған жоқ.
Трамптың Канада «штат болмай-ақ, штаттың артықшылықтарын алғысы келеді» деген сөзі оның бұрынғы мәлімдемелерін қайта еске салды. АҚШ президенті 2024 жылғы сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Канаданы бірнеше рет Құрама Штаттардың 51-штаты болуға шақырған еді.
2025 жылғы қаңтарда ол Канада АҚШ-пен біріксе, екі ел арасында кедендік тарифтер болмайтынын, салық азайып, канадалықтар Ресей мен Қытай тарапынан төнуі ықтимал қауіптен толық қорғалатынын айтқан. Енді орындалмаған сауда келісімі мен өзара 50 пайыздық баж екі көрші елдің қарым-қатынасын бұрынғыдан әрі ушықтырып отыр.