Орал төріндегі тарихи таспа: «Қосшығұлов: шоколад фабрикасы» актерлері Құрылтайда дауыс берді

Батыс Қазақстан өңірінде түсірілген ауқымды «Қосшығұлов: шоколад фабрикасы» тарихи көркем фильмінің шығармашылық тобы Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тарихи туындының түсірілімі аяқталғанымен, фильмді жасауға атсалысқан актерлер ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан шет қалмай, Орал қаласындағы №227 сайлау учаскесіне келді.

Тарихи туындыға түскен ұжым үшін бұл таңдау – тек дауыс беру емес, елдің мәдени және рухани дамуына, мемлекеттің жаңа жасампаздық кезеңіне деген зор сенімнің белгісі.
«Біз тарихи тұлғалардың өмірін кино лентасына арқау ете отырып, олардың отаншылдық рухын сезіндік. Сондықтан бүгінгі таңдаудан тыс қалу мүмкін емес еді. Бұл – еліміздің ертеңі мен мәдениетіміздің жарқын болашағы үшін жасалған маңызды қадам», – деп атап өтті фильмінің актерлері.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген тарихи көркем фильм ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласындағы алғашқы кәсіпкерлердің бірі Баймұхамбет Қосшығұловтың ғибратты өмірі мен кәсіпкерлік жолына арналған. Орал қаласы туындыдағы негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде таңдалған.