Қостанай облысында сайлауға келгендер саны сағат санап артып келеді

Қостанай облысында сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасап жатқан тұрғындардың қатары сағат өткен сайын көбейіп келеді. Өңір азаматтары конституциялық құқығын пайдаланып, Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауына қатысуда, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бүгінгі дауыс берудің ел тарихындағы орны бөлек. Қазақстан азаматтары алғаш рет бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарын сайлап жатыр. Сондықтан сайлау учаскесіне келген әр азаматтың дауысы жаңа саяси институттың құрамын қалыптастыруға ғана емес, мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындауға да ықпал етеді. Қостанай облысының тұрғындары сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық ұстанымын білдіруде. Өңірде дауыс берушілер қатары сағат сайын артып келеді.

Сайлауға қатысқан әрбір азамат өз таңдауын жасау арқылы ел болашағына қатысты шешімге үлес қосып, азаматтық жауапкершілігін көрсетіп жатыр.
Қазақстанда 10 мыңнан астам учаске дауыс беруге кірісті
Бүгін Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Сағат 7.00-дегі жағдай бойынша ел өңірлеріндегі 10 363 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті.
Аумақтық сайлау комиссияларының шешімімен 107 учаске белгіленген уақыттан бір сағат бұрын — таңғы сағат 6.00-де ашылды.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілген. Олардың 17 132-сі тұрғылықты жерінен тыс учаскеде дауыс беруге мүмкіндік беретін есептен шығару куәлігін алған.
Қазақстан аумағында және шетелдерде барлығы 10 423 сайлау учаскесі құрылған. Шетелдегі 16 мемлекетте орналасқан 19 учаскеде де дауыс беру басталды.