Ермағанбет Бөлекпаев қарағандылықтарды сайлауға қатысуға шақырды
Қарағанды облысында төрт сайлау учаскесі алғаш рет кәсіпорындарда ашылды

Қарағанды облысында Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған 639 учаске жұмыс істеп тұр. Соның төртеуі алғаш рет өңірдегі ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының аумағында ашылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жұмысшылар өндірістен қол үзбей дауыс береді
Жаңа сайлау учаскелерінің екеуі Qarmet кәсіпорнында орналасқан. Тағы бір учаске Балқаштағы Kazakhmys Smelting кәсіпорнында, ал төртіншісі Нұра ауданындағы «Шұбаркөл көмір» өндіріс орнында жұмысын бастады.
” Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін біз Құрылтайдың — еліміздің бір палаталы парламентінің депутаттарын алғаш рет таңдап жатырмыз. Біздің Президентіміз атап өткендей, бүгінде біз «Заң және тәртіп», мемлекеттік институттардың тиімділігі, азаматтардың еркіне құрмет және олардың заңды құқықтарын қорғау мызғымас қағидаттарға айналатын мемлекетті құрып жатырмыз. Бүгінгі таңда біздің әрқайсымыз бұл үдеріске өз үлесімізді қоса аламыз. Ол үшін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Бұл күн жастарымыз үшін де маңызды. Сіздер болашақтарыңыз үшін дауыс беріп, азаматтық жауапкершілік таныта аласыздар. Қарағанды облысында 639 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олардың төртеуі алғаш рет өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмысын бастады. Екеуі Qarmet- те, қалғандары Балқаштағы Kazakhmys Smelting пен Нұра ауданындағы «Шұбаркөл көмір» – де ашылды. Бұл жұмысшыларға өндірістен шықпай-ақ өздерінің сайлау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді”, – дейді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Бұл шешім ауысымдағы қызметкерлерге кәсіпорын аумағынан шықпай-ақ конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Облыс әкімінің айтуынша, өңірде сайлауға қатысу әрбір тұрғын үшін қолжетімді әрі ыңғайлы болуы үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған.

Ермағанбет Бөлекпаев бүгінгі саяси науқанның ел үшін айрықша маңызы барын атап өтті. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстан азаматтары бір палаталы парламент — Құрылтай депутаттарын алғаш рет сайлап жатыр.
Әкім тұрғындарды, соның ішінде жастарды сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауға шақырды. Оның сөзінше, дауыс беру — азаматтардың ел болашағына ықпал етіп, азаматтық жауапкершілігін танытуының нақты мүмкіндігі.
Қазақстанда 10 мыңнан астам учаске дауыс беруге кірісті
Бүгін Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Сағат 7.00-дегі жағдай бойынша ел өңірлеріндегі 10 363 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті.
Аумақтық сайлау комиссияларының шешімімен 107 учаске белгіленген уақыттан бір сағат бұрын — таңғы сағат 6.00-де ашылды.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілген. Олардың 17 132-сі тұрғылықты жерінен тыс учаскеде дауыс беруге мүмкіндік беретін есептен шығару куәлігін алған.
Қазақстан аумағында және шетелдерде барлығы 10 423 сайлау учаскесі құрылған. Шетелдегі 16 мемлекетте орналасқан 19 учаскеде де дауыс беру басталды.