Қазақстанда Құрылтай сайлауы басталды

Бүгін Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Сағат 7.00-дегі жағдай бойынша ел өңірлеріндегі 10 363 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
107 учаске таңғы сағат алтыда ашылды
Аумақтық сайлау комиссияларының шешімімен 107 учаскеде дауыс беру белгіленген уақыттан бір сағат бұрын — таңғы сағат 6.00-де басталды.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілген. Олардың 17 132-сі тұрғылықты жерінен тыс учаскеде дауыс беруге мүмкіндік беретін есептен шығару куәлігін алған.
Елде және шетелде барлығы 10 423 сайлау учаскесі құрылған.
Шетелдегі 19 учаскеде дауыс беру басталды
Қазақстаннан тыс жерде де дауыс беру жүріп жатыр. Сағат 7.00-дегі жағдай бойынша 16 шет мемлекеттегі 19 сайлау учаскесі жұмысын бастаған.
Жалпы, Қазақстан азаматтары үшін 61 шет мемлекетте 79 сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Сыртқы істер министрлігі шетелдегі учаскелердің ашылуы жөніндегі қосымша ақпаратты ұсынады.
Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың дауыс беруге қатысуы туралы алғашқы мәліметті сағат 10.00-де жариялайды. Одан кейін дауыс беру белсенділігі жөніндегі дерек әр екі сағат сайын жаңартылып отырады.