Жаңалықтар

Қазақстанға Берлиннен жеткізілген Керқұлан құлындады

Орталық Қазақстанда Керқұланды тарихи мекеніне қайтару бағдарламасы аясында алғашқы құлын дүниеге келді. Бұл – шетелден жеткізілген жабайы жылқылардың қазақ даласында алғаш рет төлдеуі, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Берлиннен әкелінген Тесса

Еркек құлын 2026 жылғы 22 тамызда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы «Әліби» реинтродукциялау орталығында туған.

Жаңа туған құлын көп ұзамай өздігінен аяғына тұрып, енесінің соңынан еріп, сүтін еме бастаған. Мамандардың бақылауына сәйкес, енесі мен төлі дін аман, жағдайлары жақсы.

Құлынның енесі – жеті жасар Тесса. Ол 2024 жылы Берлиндегі Тирпарк хайуанаттар бағынан Қазақстанға жеткізілген. Бұл – Тессаның алғашқы төлі.

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақ даласында дүниеге келген құлын халықаралық реинтродукция бағдарламасы аясында Қазақстанға әкелінген Керқұландардан алынған алғашқы төл болып отыр.

Қазақстанға 40-қа жуық жылқы әкелінеді

Керқұланды Қазақстанға қайтару бағдарламасы 2024 жылы басталған. Сол жылы елге жеті жабайы жылқы жеткізілсе, 2025 жылы олардың қатары тағы жетеуімен толықты. Ал 2026 жылы Қазақстанға сегіз жылқы әкелінді.

Осылайша, үш жыл ішінде елге жеткізілген керқұланның жалпы саны 22-ге жетті. Бағдарлама аясында 2029 жылға дейін Қазақстанға шамамен 40 жылқы әкелу жоспарланып отыр.

Бағдарламаның түпкі мақсаты – табиғи ортада адамның көмегінсіз тіршілік етіп, өздігінен көбейе алатын керқұланның тұрақты популяциясын қалыптастыру. Қазақ даласында туған алғашқы құлын осы ұзақ жолдағы ең маңызды кезеңдердің біріне айналды.

Back to top button