4 млннан астам ауыл тұрғыны жоғары технологиялық медициналық көмекке қол жеткізеді

Қазақстанда аудандық ауруханаларды жаңғырту аяқталғаннан кейін 4 млннан астам ауыл тұрғыны мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті аудан деңгейінде ала алады. Ал 2019 жылдан бері елімізде 1263 денсаулық сақтау нысаны салынған, деп хабарлайды Tizgin.kz ресми дерекке сүйеніп.
Елде 108 млрд теңгеге 51 медициналық нысан салынып жатыр
Соңғы жылдары іске асырылған ірі жобалардың қатарында Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен 200 орындық Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы бар. Алматыда 350 орындық Ұлттық ғылыми инфекциялық аурулар орталығы салынды. Өңірлерде де жаңа ауруханалар мен емханалар пайдалануға беріліп жатыр.
Қазір елімізде жалпы құны 108 млрд теңге болатын 51 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қатар жүргізілуде. Соның ішінде Қызылорда мен Өскемен қалаларында 300 орындық көпбейінді ауруханалар салынып жатыр.
Сондай-ақ Атырау облысындағы Өркен және Нұрсая шағынаудандарында, Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауылында және Талдықорғанда жаңа емханалар бой көтеруде.
Медициналық инфрақұрылымды кеңейту денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндігін арттырып қана қоймай, халыққа күрделі диагностика мен мамандандырылған емді тұрғылықты жеріне жақын маңнан алуға жол ашады. Бұрын мұндай көмек үшін науқастардың көбі ірі қалаларға баруға мәжбүр болатын.
Ауыл медицинасы қалай жаңғырып жатыр
2025 жылдың соңына қарай «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы толық аяқталды. Соның арқасында 1 млннан астам ауыл тұрғыны медициналық көмекті өзі тұратын елді мекеннен алу мүмкіндігіне ие болды.
Жаңа нысандарда телемедицина және физиотерапия кабинеттері, дәріхана пункттері, емдік дене шынықтыру залдары мен басқа да қажетті инфрақұрылым қарастырылған.
Бұған қоса, 32 аудандық аурухана жаңғыртылып жатыр. Оның 12-сіндегі жұмыстар толық аяқталған. Ауруханалар жөнделіп, қайта жаңартылумен қатар, компьютерлік томографтармен, ангиографиялық кешендермен және басқа да заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Мұндай жабдық әсіресе инфаркт пен инсульт кезінде аса маңызды. Өйткені мұндай жағдайда науқасқа алғашқы сағаттарда көмек көрсету қажет. Жаңа мүмкіндіктер диагнозды аудан орталығында анықтап, емдеуді дереу бастауға және пациентті облыстық ауруханаға тасымалдау қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін 4 млннан астам ауыл тұрғыны мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті аудан деңгейінде ала алады. Мамандардың есебінше, жобаны іске асыру жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульттен болатын өлім-жітімді шамамен 20 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.
Алайда ауыл медицинасындағы мәселе жаңа ғимараттар мен жабдықтар арқылы ғана шешілмейді. Оларды іске қосып, халыққа қызмет көрсететін маман қажет.
2023–2025 жылдары және 2026 жылдың алғашқы жартысында ауылдық медициналық ұйымдарға 1735 маман жұмысқа орналасты. Оның ішінде 722 дәрігер және 1013 орта буын медицина қызметкері бар.
Осы кезеңде жаңғыртылып жатқан 32 аудандық ауруханаға тағы 624 дәрігер мен 642 орта буын маманы тартылды. Ресми мәлімет бойынша, ұлттық жобада көзделген ауылдық денсаулық сақтау жүйесін мамандармен қамтамасыз ету шаралары 100 пайыз орындалған.