Қазақстанда бес жылда 1120 мектеп салынып, орын тапшылығы төрт есе азайды
Қазақстанда соңғы бес жылда 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1120 мектеп салынды. Соның нәтижесінде үш ауысымда оқытатын мектептер саны мен оқушы орындарының тапшылығы төрт есе, апатты мектептер саны екі есе қысқарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
217 «Келешек мектебінің» 84-і ауылда салынды
Білім беру инфрақұрылымын кеңейтудегі негізгі жобалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Оның аясында ел бойынша 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салынды. Соның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Жаңа үлгідегі мектептерде STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, коворкинг кеңістіктері, хореография және спорт залдары қарастырылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта жасалған.
Мектеп құрылысына мемлекетке қайтарылған активтер де бағытталып отыр. 2023 жылы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 нысан қаржыландырылды. Қазір оның 83-і пайдалануға берілген. Қалған жеті нысанды жыл соңына дейін ашу жоспарланған.
Алдағы үш жылда 1300 мектеп жаңартылады
Жаңа мектеп салумен қатар қолданыстағы білім ошақтарын жаңарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Соңғы бес жылда 5026 мектеп жаңғыртылып, 4,5 мыңға жуық білім ошағына 7009 заманауи пән кабинеті орнатылды.
Алдағы үш жылда тағы 1300 мектепті реновациядан өткізу көзделген. Оның 820-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Жоба аясында мектеп ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, пән кабинеттері, кітапханалар мен асханалар жабдықталады. Спорт залдары жаңартылып, мектеп аумағы абаттандырылады және қауіпсіздік жүйелері күшейтіледі.
2026 жылы Қазақстанда 60 мыңға жуық оқушы орнына арналған тағы 101 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл шаралар оқушы орындарының тапшылығын кезең-кезеңімен шешіп, қала мен ауыл балаларына бірдей заманауи білім алу жағдайын жасауға бағытталған.