Жаңалықтар

Павлодар әуежайы қайта ашылды: алғашқы рейс Астанадан ұшып келді

Павлодар әуежайының қайта жаңғыртылған ұшу-қону жолағы пайдалануға берілді. Әуежайға алғашқы рейс Астана – Павлодар – Астана бағыты бойынша орындалды. Қыркүйектен бастап Алматы мен Новосибирскіге тұрақты әуе қатынасын қайта жандандыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ұшу-қону жолағы кеңейтілді

Қайта жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы және еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы аясында жүргізілді.

Көлік министрігі

Жоба бойынша Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағы толық жаңартылып, оның ені 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтілді. Бұл әуежайға заманауи әуе кемелерін қабылдауға және ұшу қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңартылған жолаққа алғашқы болып Астана – Павлодар – Астана бағытындағы ұшақ қонды. Рейсті іске қосу рәсіміне көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты.

Көлік министрігі

Астана мен Павлодар арасындағы рейстерді Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы орындайды. Бір бағыттағы билеттің құны – 15 мың теңге. Әуе билеттері 2026 жылғы тамыздың алғашқы жартысынан бастап сатылып жатыр.

Алматы мен Новосибирскіге рейстер ашылады

Павлодар әуежайынан тұрақты коммерциялық рейстерді 1 қыркүйектен бастап іске қосу жоспарланған.

FlyArystan әуе компаниясы Павлодар – Алматы – Павлодар бағыты бойынша күнделікті рейстерін қайта жандандырады.

Көлік министрлігі

Халықаралық бағыттар да қалпына келтірілмек. «Сибирь» әуе компаниясы 1 қыркүйектен бастап Павлодар мен Новосибирск арасында аптасына жеті рейс орындауды жоспарлап отыр. Осылайша, облыс орталығының Астана және Алматы қалаларымен, сондай-ақ Ресейдің Новосибирск қаласымен тұрақты әуе қатынасы қайта жолға қойылады.

Back to top button