«Қазатомөнеркәсіп» ресейлік «Uranium One Group» компаниясына табиғи уран концентратын сату жөнінде уағдаласты. Алайда ірі мәміле акционерлердің мақұлдауынан өтуге тиіс, деп хабарлайды Tizgin.kz ұлттық атом компаниясының ресми хабарламасына сілтеме жасап.
Уран Ресейдегі комбинатқа жеткізіледі
Ресми мәлімет бойынша, «Қазатомөнеркәсіп» пен «Uranium One Group» АҚ арасында U₃O₈ түріндегі табиғи уран концентратын сату туралы уағдаластыққа қол жеткізілген. Өнім Ресей аумағындағы «Сібір химия комбинаты» АҚ-на физикалық түрде жеткізіледі. «Uranium One Group» ұлттық атом компаниясының коммерциялық ұсынысын оның қолданылу мерзімі ішінде қабылдаған. Осыдан кейін тараптар табиғи уранды жеткізуге арналған келісімшарттың жобасын бірлесіп келіскен.
Мәміленің құны, уранның нақты көлемі және жеткізу мерзімі жарияланған жоқ. «Қазатомөнеркәсіп» бұл мәліметтер коммерциялық құпияға жататынын түсіндірді. Uranium One да келісім талаптарының құпия сақталуын талап еткен. Компания мәміле параметрлері нарықтағы қазіргі жағдай мен үрдістерге сәйкес келетінін мәлімдеді.
Uranium One – «Росатом» мемлекеттік корпорациясының халықаралық активтерді басқару жүйесіне кіретін компаниялар тобы. Ол ресейлік корпорацияның шетелдегі уран өндіру активтерін басқарып, минералдық-шикізат базасын дамытуға жауап береді.
Компания «Қазатомөнеркәсіппен» бұрыннан әріптес. Uranium One Қазақстандағы «ОТХК» бірлескен кәсіпорны, «Ақбастау» БК және «Қаратау» кәсіпорнының қатысушысы әрі акционері саналады.
Соңғы шешімді акционерлер қабылдайды
Uranium One-мен жасалатын келісім «Қазатомөнеркәсіптің» мүдделілігі бар ірі мәміле ретінде акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысының қарауына шығарылды. Жиналысты шақыру туралы бастаманы компанияның директорлар кеңесі 2026 жылғы 20 тамызда мақұлдаған.
Дауыс беру сырттай өткізіледі. Акционерлер бюллетеньдерді 22 қыркүйектен бастап тапсыра алады. Құжаттарды қабылдау 6 қазан күні сағат 18:00-де аяқталып, дауыс беру нәтижесі 7 қазанда шығарылады.
Осы жиналыста Қытайдың State Nuclear Uranium Resource Development Company Limited компаниясымен жасалатын тағы бір мәміле де қаралады. Ол бойынша «Қазатомөнеркәсіп» табиғи уран концентратын Қытайдағы Алашанькоу теміржол станциясына жеткізуге уағдаласқан. Бұл келісімнің де бағасы, көлемі мен мерзімі құпия сақталады.