TOP-2ЖаңалықтарПікір

«Менің мақсатым – 100 дәретхана салу»: Дина Төлепберген неге мұндай шешімге келді

Ол соңғы уақытта жеке шекара, жеке гигиена тақырыбын неге көтеріп жүргенін айтты.

Zamandas подкастында журналист Дина Төлепберген өзіңді құрметтеу тазалықтан басталатынын, қазақ қыздарының басты трагедиясы не екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Жыныстық сауаттылық мәселесін көтеріп жүрмін»

«Мен байыған кезде бассейндер мен дәретханалар салар едім. Мақсатым – 100 дәретхана салу. Мен қазір жыныстық сауаттылық мәселесін қозғап жүрмін. Барлық қайғының басы – балаларымызға жыныстық тәрбие бермеуімізде. Бұл – ұят тақырып. Мысалы, Жапонияда дәретханаға барған соң жуынып-шайынып алу мүмкіндігі қарастырылған. Тазалық дәретханадан басталады», – дейді Дина Төлепберген.

«Қазақстанда әр бесінші қыз зорланған»

Ол соңғы уақытта жеке шекара, жеке гигиена тақырыбын неге көтеріп жүргенін айтты.

«Өкінішке қарай, мен зорланған балаларды көп көрдім. Туған әкесі, туған ағасы, жездесі, атасы қорлайды. Менің субъективті зерттеуіме сенетін болсаңыз, қазіргі уақытта Қазақстандағы әр бесінші қыз жыныстық зорлыққа ұшыраған. Бұл – трагедия. Олармен сұхбаттасқан кезде таң қалғаным: қыздар есейген кезде де аналарына өкпелі, себебі қорлық көргенін анасына айтқан кезде анасы сенбеген немесе жабық тақырып күйінде қала берген. Көп жағдайда әйел жолдасына қаржылық жағынан тәуелді болғандықтан қызына сенбей қоя салғаны тиімді болған. Өткенде мен жасөспірімдер гинекологымен сұхбаттастым. Оның статистикасы бойынша, әрбір үшінші қыз жыныстық қорлыққа тап болған», – дейді ол.

«Қазақ қыздарының трагедиясы – «Жоқ» деп айта алмауы»

Ол жеке шекара, тәнге құрметпен қарау, етеккір, жыныстық сауаттылық тақырыбын көтеріп, мәселені шешуді тым болмағанда дәретханадан бастау керек екенін айтты.

«Қазіргі уақытта осы тақырыптар туралы ойлап, айта бастағанымыздың өзі жақсы. Біз мектеп оқыған кезде бәрі басқаша болған еді ғой. Мен мектептерде кемі 100 дәретхана салғым келеді. Өз-өзіңе құрмет тазалықтан басталады. Жапонияда жүрген кезімде таза жүрудің маңызын түсіндім. Мен негізі, әрине, ол жаққа бармай тұрып та жуынып, шайынып, бассейнге түсіп таза жүрдім, бірақ ол жақта өзімді мүлдем басқаша сезіндім. Қыздар таза жүрудің маңызын түсінсе – өзіне деген құрметі өзгереді. Керек кезде «Жоқ» деп айтуды үйренеді. Қазақ қыздарының трагедиясы «жоқ» деп айтып, өз жеке шекарасын қорғай алмауында. Менің зерттеулеріме сүйенетін болсақ, егер бір еркек құшақтаса, ұстамайтын жерінен ұстайтын болса қыздарымыз айғайлаудың орнына үнсіз, қатып қалу синдромына ұшыраған, себебі бұрын қыздарымызды «Сөйлеме, үндеме, аузыңды жап!» деп өсірді. Ал қазіргі қазақ қыздары мықты, олар ашық айтуды үйреніп келеді», – дейді журналист.

Back to top button