TOP-2Жаңалықтар

Сайлауға екі күн қалғанда Бас прокуратура жұртшылыққа үндеу жариялады

Бас прокуратура Құрылтай сайлауы қарсаңында 22-23 тамызда сайлауалды үгіт жүргізуге, ал дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіріп, таратуға тыйым салынатынын ескертті, деп хабарлайды Tizgin.kz ведомствоның үндеуіне сілтеме жасап.

Сегіз заңбұзушылық тіркелді

Бас прокуратураның мәліметінше, Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны әзірге құқықтық алаңда өтіп жатыр. Дегенмен прокуратура органдары сайлау заңнамасын бұзудың сегіз фактісін анықтаған. Оның үшеуі сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу талаптарын бұзуға қатысты. Қалған бес жағдайда тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізілген. Осы фактілер бойынша жеті жеке тұлға мен бір заңды тұлға қысқартылған тәртіппен әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың барлығы кінәсін мойындап, әрекетіне өкініш білдірген және онлайн-платформаларда жарияланған заңсыз материалдарды өшірген.

Сайлауалды үгіт 2026 жылғы 22 тамызда сағат 00:00-де аяқталады. Сондықтан 22 тамызда және дауыс беру өтетін 23 тамызда кез келген үгітке тыйым салынады. Бұрын ілінген баспа үгіт материалдарын сайлау комиссиялары мен дауыс беру орындарының аумағынан тыс жерлерде қалдыруға болады. Интернетте бұған дейін жарияланған материалдарды да өшіру міндетті емес. Алайда оларды қайта жариялауға немесе интернет-ресурстың басты бетіне шығаруға жол берілмейді.

Тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізгендерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін – 15, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін – 20, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 25, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 35 АЕК-ке дейін барады.

Толтырылған бюллетеньді түсіруге болмайды

Бас прокуратура толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіруге, сондай-ақ оны дауыс беру күні таратуға тыйым салынатынын ерекше атап өтті.

Сонымен бірге дауыс беру алдындағы бес күн ішінде және сайлау күні қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды және кандидаттар мен саяси партияларды қолдау көрсеткіштерін бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда жариялауға болмайды. Сайлау күні дауыс беру орнында сауалнама жүргізуге де тыйым салынады. Бұл талапты бұзған жеке тұлғаларға – 10, заңды тұлғаларға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Ведомство азаматтарға бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру тәртібін де еске салды. Жиналыс, митинг пен пикет өткізу үшін алдын ала хабарлама беру, ал шеру мен демонстрация ұйымдастыру үшін келісім алу қажет. Белгіленген тәртіпті бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша әкімшілік қамауға дейінгі жаза қолданылуы мүмкін. Егер мұндай әрекеттер азаматтар мен мемлекеттің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, қылмыстық жауаптылық туындайды.

Бұдан бөлек, масс-медиа мен онлайн-платформаларда жалған ақпарат және заңға қайшы контент таратқандар әрекеттің салдарына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.

Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушыларды заң талаптарын сақтап, құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырды.

Back to top button