Халық мүддесіне қызмет жауапкершіліктен басталады
Бүгінгі қоғам саясаттан тек мәлімдемелер мен ұрандарды емес, нақты нәтиже күтеді. Өйткені, мемлекеттік басқарудың тиімділігі туралы пікір де, саяси партиялардың беделі де олардың жариялаған бағдарламалары арқылы емес, қоғамдағы нақты мәселелерді шешуге қосқан үлесімен өлшенеді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның соңғы кезеңдегі қызметіне дәл осы өлшем тұрғысынан қарасақ, партия ұйымдастырған қоғамдық тыңдаулар, сараптамалық кездесулер, рейдтік іс-шаралар, депутаттық сауалдар мен заңнамалық бастамалар қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған бірыңғай саяси стратегияның құрамдас бөлігі ретінде көрінеді.
Бағдарламадан іске: ЖСДП реформалар негізінде жаңаша бағыт айқындады
Партияның Астанада өткен кезектен тыс XXV съезінде қабылданған шешімдерде де бұл айқын көрініс тапты. Жиын барысында еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар партияның жаңа сайлауалды бағдарламасын қабылдап, Құрылтайға ұсынылатын кандидаттар тізімін бекітіп, алдағы саяси кезеңнің негізгі бағыттарын айқындады.
Партияның «Прогресс жолындағы 20 белес» атты жаңа бағдарламасында демократиялық реформаларды жалғастыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, экономиканы демонополияландыру, ауыл шаруашылығын жаңғырту, халықтың әл-ауқатын арттыру және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге бағытталған 20 нақты басымдық айқындалды. Ең маңыздысы, партия бұл құжатты кезекті сайлау алдындағы популистік уәделердің жиынтығы емес, ұзақ мерзімді реформалардың кешенді жоспары ретінде таныстырды. Мәселен, әлеуметтік саясат мәселесіне арналған бөлімде білім беру, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау салалары мемлекеттің жай ғана шығысы емес, елдің болашағына салынатын инвестиция ретінде бағаланды. Бұл бүгінгі заманғы әлеуметтік мемлекет тұжырымдамасына толық сәйкес келеді. Себебі, адам капиталы дамымайынша, экономикалық өсудің де ұзақ мерзімді нәтижесі болмайды. Осы ұстаным партияның кейінгі барлық қоғамдық бастамаларында негізгі әдіснамалық қағидаға айналды.
Сонымен бірге съезде экономиканы демонополияландыру, табиғи ресурстардан түсетін табысты әділ бөлу, ауыл шаруашылығын қолдау, шартты жер үлесі иелерінің құқықтарын қалпына келтіру және жеке қосалқы шаруашылықтарды заң жүзінде мойындау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттардың кейінгі айларда өткен аграрлық форумдардың негізгі тақырыбына айналуы жүйелі жоспарға негізделгенін көрсетеді.
Популизм емес, кәсібилік маңызды
Соңғы жылдары қоғамда саясаттың мазмұнынан гөрі оның сыртқы көрінісіне, танымал тұлғалардың қатысуына немесе әлеуметтік желідегі белсенділікке басымдық беру үрдісі күшейіп келеді. Осындай жағдайда ЖСДП басқа жолды таңдады. Партияның ұсынған кандидаттар тізіміне қарағанда, негізгі басымдық қоғам ішінде ұзақ жыл еңбек етіп жүрген, өңірлердегі нақты мәселелермен айналысып келе жатқан азаматтарға берілді. Олар – күн сайын халықпен кездесетін, қоғамдық қабылдаулар өткізетін, ауыл-аймақтардағы әлеуметтік мәселелерді көтеретін тәжірибелі партия мүшелері. Бұл тәсіл саясаттың кәсібилігін бірінші орынға қояды. Шын мәнінде, демократиялық мемлекет үшін саясаттың танымал адамдар жарысына айналуы қауіпті құбылыс. Қоғамдық пікірді қалыптастыру мен мемлекетті басқару – екі түрлі жауапкершілік. Заң шығару қызметі терең құқықтық білімді, экономикалық сауатты және мемлекеттік басқару тәжірибесін талап етеді. Сондықтан партияның кандидаттарды таңдаудағы басты өлшемі олардың қоғам алдындағы нақты еңбегі мен кәсіби даярлығы алдыңғы орынға қойылып отыр.
Партияның қоғамдық тыңдаулары мен сараптамалық кездесулеріне талдау жасағанда, әрбір іс-шараның белгілі бір әлеуметтік мәселені көтеріп қана қоймай, оны шешудің құқықтық және институционалдық жолдарын қарастыруға бағытталғаны байқалады.
Ауылдың тағдыры: жер реформасына жаңа көзқарас
Ел экономикасында аграрлық сектордың стратегиялық маңызы жоғары болғанымен, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы мен жер қатынастарына байланысты мәселелер әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Әсіресе шартты жер үлестеріне иелік ететін азаматтардың құқықтарының қорғалуы, жерді тиімді пайдалану, жайылым тапшылығы мен ауыл шаруашылығы кооперациясының дамуы сияқты мәселелер жылдар бойы талқыланып жатыр. Партия Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес жер мен оның қойнауы халыққа тиесілі деген қағиданың нақты құқықтық мазмұнмен толығуы қажеттігін атап өтіп келеді. Мұндай жағдайлардың ұзақ жылдар бойы қордалануы ауыл тұрғындарының мемлекетке деген сеніміне де әсер етіп отырғаны жасырын емес. Осыған байланысты партия Жер кодексіне енгізілген өзгерістердің нақты орындалуына қоғамдық бақылауды күшейтуді ұсынып отыр. Сонымен қатар ЖШС-нің қызметін ашық жүргізу, шартты жер үлесі иелеріне тұрақты есеп беру және олардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар заңнамалық бастама деңгейінде көтерілді. Ауыл тақырыбындағы тағы бір маңызды мәселе, жеке қосалқы шаруашылықтардың мәртебесі. Партия ұйымдастырған қоғамдық пікірталастарда жеке қосалқы шаруашылықтарды заң жүзінде мойындау ауыл экономикасын дамытудың негізгі алғышарттарының бірі ретінде бағаланды. Мұндай қадам ауыл тұрғындарының өнім өткізу мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, кооперацияны дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда ЖСДП ұсынған бастамалар әлеуметтік саясат пен экономикалық реформаны өзара байланыстыратын кешенді көзқарастың көрінісіне айналды.
Партия жұмысының басты өлшемі – нақты нәтиже
Партияның әлеуметтік саясаттағы тағы бір маңызды бағыты – инклюзивті қоғам қалыптастыру. Айта кетейік, инклюзивті қоғам мәселесінде партияның ерекше назар аударған жобаларының бірі – PANA бастамасы. Бұл жоба қауіпсіздік мәселесіне мүлде жаңа көзқарас қалыптастыруды көздейді.
Партия қызметіндегі тағы бір ерекше бағыт – экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Елімізде қоршаған ортаны қорғау мәселесі көбіне мемлекеттік бағдарламалар деңгейінде көтерілгенімен, тұрғындардың күнделікті өміріне әсер ететін нақты жобалар аз. Осы тұрғыдан алғанда ЖСДП қолдағанған қалдықтарды сұрыптау жобасы экологиялық саясаттың практикалық үлгісіне айналды. Жоба аясында тұрғын үй кешендерінде қағаз, пластик және басқа да қайта өңдеуге болатын қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілді. Ең басты ерекшелігі, жиналған шикізатты өткізуден түскен қаржы тұрғындардың өз қажеттілігіне жұмсалады. Бұл қаражат балалар алаңдарын жөндеуге, аула аумағын абаттандыруға немесе тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп ұстауға бағытталады. Осылайша экологиялық мәдениет тек табиғатты қорғау құралы ғана емес, тұрғындардың өз өмір сапасын жақсартудың тиімді тетігіне айналып отыр.
Мысалы, Жетісу облысы тұрғындарының ұзақ жылдар бойы көтеріп келген Талдықорған-Астана бағытындағы тікелей теміржол қатынасы мәселесі жергілікті деңгейдегі мәселе болып көрінгенімен, оның артында өңір тұрғындарының әлеуметтік қолжетімділігі мен өмір сүру сапасы тұрды. ЖСДП Мәжіліс депутаттары бұл мәселені бірнеше рет Үкімет деңгейінде көтеріп, жауапты министрліктер мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына депутаттық сауалдар жолдап, шаруаның шешілуіне күш салды. Соның нәтижесінде жаңа бағыттарды ұйымдастырудың техникалық және экономикалық мүмкіндіктері қарастырылып, «Ақтоғай» стансасы арқылы тікелей вагон тіркеу тетігі ұсынылды. Бұл шешім жаңа теміржол салмай-ақ тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік беретін тиімді нұсқа ретінде бағаланды. Осындай жүйелі жұмыстар партияның парламенттік қызметін формальды есеп беруден нақты қоғамдық нәтижеге бағытталған қызметке айналдырып отыр.
Қорыта айтқанда, партияның алдағы қызметі де қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, демократиялық институттарды нығайтуға және жауапты саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық жұмыстың көрінісі болары анық.
Тапсырыс беруші: ЖСДП төрағасы А. Н. Рахимжанов
«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы»
Республикалық қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражаты есебінен төленді.