TOP-2Жаңалықтар

ЖСДП әділ қоғам құрудың нақты жолын ұсынады – Асхат Рахымжанов

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахымжанов партиялар басшыларының теледебатында өзі мен жақтастарының басты мақсаты – Қазақстанда әділетті қарым-қатынас орнаған орта қалыптастыру екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Әділдік аумағы» неден басталады

Асхат Рахымжановтың сөзінше, ЖСДП ең алдымен ел аумағын әділет кеңістігіне айналдыруды көздейді. Бұл ұстаным күнделікті өмірдің барлық саласын қамтуға тиіс.

Фото: ЖСДП партиясы

«Үй, зауыт, кеңсе, егістік, ауыл мен қала – мұның бәрі жаңа әрі әділ қарым-қатынас орнайтын нақты аумаққа айналуға тиіс. Біз бұл тәжірибені бүкіл елге кезең-кезеңімен таратамыз», – деді партия төрағасы.

Ол ЖСДП әр бастаманың артында нақты адамның тағдыры тұрғанын ескеретінін атап өтті. Партия өз бағдарламасын бұған дейін атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерге сүйене отырып әзірлеген. Рахымжанов мысал ретінде шартты жер үлестеріне иелік еткен ондаған мың азаматтың мәселесін атады. Оның айтуынша, партия араласқаннан кейін ғана олардың бір бөлігі ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты құқықтарын қалпына келтірсе, өзгелері мұндай мүмкіндікке үміттене бастаған. Сонымен қатар ЖСДП интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауға күш салған. Партия өкілдерінің көмегімен алаяқтардың ықпалымен рәсімделген кредиттерін есептен шығаруға қол жеткізген адамдар да бар.

Фото: ЖСДП партиясы

«ЖСДП – еліміздің түкпір-түкпіріндегі азаматтар. Партия 20 жыл бойы сол адамдардың құқығын қорғап келеді. Әділетті сезіну – адам бақытының негізі. Оған денсаулық, сүйікті ісіңмен айналысу, өзара қолдау және таңдау еркіндігі де кіреді», – деді Асхат Рахымжанов.

Оның айтуынша, бұл құндылықтар партия ұстанатын еркіндік, әділет және ынтымақ қағидаттарымен үндеседі. Рахымжанов ЖСДП бағдарламасы үйлесімді әрі өркендеген қоғам құруға бағытталғанын, ал ұсынылған шаралардың нақты негіздемесі мен жүзеге асыру тетігі бар екенін мәлімдеді.

Ұлттық байлық азаматтарға қызмет етуге тиіс

ЖСДП-ның сайлауалды тұғырнамасы «Таңдаймыз! Бақылаймыз! Талап етеміз!» деген ұранмен ұсынылған. Бағдарламадағы негізгі ұстанымдардың бірі – бүкіл билік халыққа тиесілі тәуелсіз Қазақстан қалыптастыру. Партияның бағалауынша, Қазақстанда жалпыұлттық өркендеуге қажетті алғышарттардың бәрі бар. Тәуелсіздік алған жылдарында ел саяси және экономикалық өзгерістердің үлкен жолынан өтті. Ал конституциялық реформа мемлекеттік институттарды жаңартуға және азаматтардың ел басқару ісіне қатысуын кеңейтуге мүмкіндік берді.

Ендігі міндет – өзгерістер туралы пікірталаспен шектелмей, халық пен келешек ұрпақтың игілігі жолындағы нақты жұмысқа кірісу. ЖСДП мемлекетті әрбір үдерісті бақылауға ұмтылатын ауқымды басқарушы емес, әділетті әрі тиімді реттеуші ретінде көреді. Мемлекеттің міндеті – баршаға түсінікті және әділ ереже орнату, азаматтардың құқығын қорғау және заңның сақталуын қамтамасыз ету. Партия өкілдерінің пікірінше, мемлекет нарықтың тікелей қатысушысы әрі артықшылыққа ие ойыншыға айналған жерде тиімсіздік, жемқорлық пен түрлі теріс әрекеттердің туындау қаупі артады.

ЖСДП Мәжілістің VIII шақырылымындағы жұмысы кезінде мемлекеттік жүйенің ішкі тетіктерімен қатар, оның қордаланған мәселелерін де көргенін мәлімдеді. Осыған байланысты партия монополизмге, олигархиялық ықпалға және саяси лоббизмге қарсы екенін жариялап отыр. Оның орнына ЖСДП әлеуметтік әділеттілікті, заң алдындағы теңдікті, адал бәсекені, қоғамдық ынтымақты және жекелеген артықшылық иелеріне емес, барлық азаматқа қызмет ететін мемлекетті ұсынады. Партияның «Прогресс жолындағы 20 белес» бағдарламасы әлеуметтік жауапкершілікті, экономикалық тиімділікті және технологиялық дамуды бір арнаға тоғыстыруды көздейді.

Дайындаған: Tizgin.kz

Тапсырыс беруші: ЖСДП төрағасы А. Н. Рахимжанов. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы»

Республикалық қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражаты есебінен төленді.

Back to top button