Қазақстанда «Келешек мектептері» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру аяқталды. Оның аясында 217 мектеп пен 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынды, деп хабарлайды Tizgin.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі ұлттық жоба аяқталды
Үкімет мәліметінше, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ел аумағында 217 жаңа мектеп бой көтерген. Қазір бұл білім ордаларында 217 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынған. Нәтижесінде шалғай ауылдардағы 1 млн тұрғын үшін медициналық көмек қолжетімді бола түскен.
Сонымен қатар мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық қызметтер 4 млн-нан астам ауыл тұрғынына жақындаған.
Үкімет ұлттық жобалардың энергетика саласына да әсер еткенін мәлімдеді. Ресми дерекке сәйкес, шамамен 6,3 млн адам тұрақты әрі сенімді жылумен қамтылған.
Көмір генерациясына арналған жаңа жоба басталады
Қазір «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» және «Қолжетімді интернет» ұлттық жобаларын іске асыру жалғасып жатыр.
«Қолжетімді интернет» жобасы аясында елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, сондай-ақ 4G және 5G байланыс желілерін кеңейту көзделген. Үкіметтің хабарлауынша, жаңа инфрақұрылым қазірдің өзінде миллиондаған тұрғынды, соның ішінде ауыл халқын қамтып отыр.
Бұдан бөлек, Қазақстанда «Көмір генерациясын дамыту» атты жаңа ұлттық жоба жүзеге асырыла бастайды. Үкімет әзірге жобаның нақты мерзімі, қаржыландыру көлемі және оның аясында салынатын немесе жаңғыртылатын энергетикалық нысандар туралы толық мәлімет жариялаған жоқ.