2025 жылы Қазақстан $64,85 млрд көлемінде тауар импорттады. Оның 29,7%-ы Ресейден, 29,2%-ы Қытайдан келді. Екі алып көршінің жалпы импорттағы үлесі 58,9%-ға жетті. Алайда Қытайдан технология мен күнделікті тұтыну тауарлары басым келсе, Ресейден өндіріс пен энергетикаға қажетті өнімдер және азық-түлік көбірек әкелінеді. Tizgin.kz бұл мақалада Қазақстан импортының құрылымына шолу жасады.
2025 жылы Қазақстан Қытайдан шамамен $18,9 млрд, Ресейден $19,5 млрд тауар импорттаған. Яғни жалпы көлемдегі айырмашылық аса үлкен емес. Бірақ осы соманың ішкі құрылымын қарағанда екі елдің Қазақстан экономикасындағы орны бірдей емес екенін көруге болады.
Қытайдан әкелінетін ең ірі (сомасы бойынша) 25 тауардың ішінде автомобильдер, смартфондар, автомобиль кузовтары, машиналар мен жабдықтар, деректерді өңдеу блоктары, жел энергетикалық қондырғылары, локомотивтер, ноутбуктер, байланыс жабдықтары, электромобильдер, экскаваторлар, тиегіштер және турбиналы генераторлар бар.
Көлемі шамалас, мазмұны әркелкі
Ең ірі позиция – жеңіл автомобильдер, $626,3 млн. Одан кейін смартфондар – $487,2 млн, автомобиль кузовтары – $412,4 млн, машиналар мен жабдықтар – $388,7 млн, деректерді өңдеу блоктары – $325,6 млн. Жел энергетикалық қондырғыларына $270,4 млн, дизель-электр локомотивтеріне $227,2 млн, ноутбуктерге $226,2 млн жұмсалған.

Яғни Қытай импортының едәуір бөлігі жай ғана тұтыну тауары емес. Мұнда көлік, өндірістік жабдық, энергетикалық техника және цифрлық құрылғылар қатар тұр.
Ресейдің топ-25 позициясы мүлде басқа. Бірінші орында табиғи газ – $840,5 млн, одан кейін алтын – $752,4 млн, үйге арналған тоқыма бұйымдары – $415 млн, электр энергиясы – $370,1 млн, темір және болат шыбықтар – $334,4 млн, байытылған уран – $306,9 млн. Бұдан кейін тоқыма киімдері, реактивті және дизель отыны, тікұшақтар, теміржол вагондары, қант, полиэтилен, күкірт қышқылы, металл конструкциялары мен кендер келеді.

Демек, Ресейдің топтық құрылымында энергия ресурстары, металл, химия, шикізат пен аралық өнімдер әлдеқайда анық көрінеді.
Дүкен сөресіне тікелей түсетін импорт
Жалпы импорт құрылымынан халықтың күнделікті тұтынуына арналған тауарларды бөліп қарағанда Қытайдың үстемдігі анық байқалады.

2025 жылы Қытайдан:
- киім және аяқ киім – $597,7 млн;
- үй жөндеу тауарлары – $288,7 млн;
- тұрмыстық ұсақ техника – $186,7 млн;
- жиһаз – $157,8 млн;
- сағат, қолшатыр, сөмке, чемодан – $148 млн;
- ыдыс-аяқ – $110,3 млн;
- ойыншықтар — $84,3 млн;
- шамдар мен электр ұсақ бұйымдар – $77,7 млн;
- жеке күтім заттары – $65,7 млн;
- спорттық тауарлар – $56,5 млн импортталған.
Киім мен аяқ киім импорты Ресейге қарағанда Қытайдан 17,7 есе, тұрмыстық ұсақ техника 17,6 есе, ыдыс-аяқ 32,4 есе, ойыншықтар 32,4 есе, шамдар мен электр ұсақ бұйымдар 35,3 есе көп келген.
Ең үлкен алшақтық сағат, сөмке, чемодан және қолшатыр сияқты тауарларда байқалады: Қытайдан импорт $148 млн, Ресейден небәрі $1 млн, яғни айырмашылық 148 есеге жетеді.
Қытайдың басымдығы жиһазда да – 2,9 есе, үй жөндеу тауарларында – 2,6 есе, спорттық тауарларда – 6,3 есе, асүй тауарларында – 5,3 есе.
Ал төсек-орын мен үй тоқыма бұйымдарын Ресей көбірек экспорттаған (+$30). Жеке күтім заттарында айырмашылық шамалы – Ресейден $58,9 млн, Қытайдан $65,7 млн.
Ал тұрмыстық химияда Ресейдің басымдығы айқын: Ресейден 173,5 млн доллардың, Қытайдан 24,9 млн доллардың жуғыш құралдары әкелінген.
Азық-түлік арнасы
Азық-түлікті сегментінде Ресейдің басымдығы бірден байқалады. Қытайдан келетін азық-түлік импортының ең ірі бағыты – жеміс-жидек пен көкөніс, солардың өнімдері ($360,5 млн). Бұл Ресейд импортынан 1,2 есе жоғары.
Ал қалған негізгі азық-түлік санаттарының басым бөлігінде Ресейдің көрсеткіші бірнеше есе жоғары:
- қант және кондитерлік өнімдер – $743 млн, Қытайдан 47,6 есе көп;
- дайын тағамдар мен соустар – $830,9 млн, 20,4 есе көп;
- майлар мен майлы дақылдар – $398,1 млн, 13,8 есе көп;
- сүт өнімдері мен жұмыртқа – $225,5 млн, 2 255 есе көп;
- ет – $138,3 млн, 11,9 есе көп;
- өңделген ет және балық өнімдері – $172,4 млн, 20 есе көп;
- дәнді дақылдар мен ұн – $202,9 млн, 65,5 есе көп;
- сусындар – $172,3 млн, 27,3 есе көп.
Түйіндеп айтқанда, Қазақстанның ішкі нарығындағы тауар құрылымына қарағанда елдің экономикасы сырттан келген тауарларды таратуға, сатуға және тұтынуға да қатты сүйенеді.