Жаңалықтар

Лауазымында ең көп отырған ректорлардың бірі қызметінен кетеді

ЕҰУ-ды 16 жыл басқарған Ерлан Сыдықовтың келісімшарты ұзартылмайды

Ғылым және жоғары білім министрлігі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовпен жасалған қазіргі келісімшартты ұзартпайды. Оның өкілеттік мерзімі 2027 жылдың басында аяқталады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазіргі келісімшарт 2027 жылы аяқталады

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкіметтегі брифингте Ерлан Сыдықовтың қазіргі өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін келісімшарты ұзартылмайтынын мәлімдеді.

«Қазір бұл ректордың өкілеттік мерзімі аяқталады. Біз оның келісімшартын ұзартпаймыз», – деді министр.

Ерлан Сыдықов Еуразия ұлттық университетін 2011 жылдан бері басқарып келеді. 2021 жылы дауыс беру қорытындысы бойынша ректор қызметіне қайта тағайындалған. Оның қазіргі келісімшарты 2027 жылдың басына дейін жарамды.

Ректорларға алты жылдық шектеу қойылмақ

Саясат Нұрбектің айтуынша, министрліктің ректормен жасайтын стандартты келісімшарты үш жылға есептелген. Оны тағы бір мерзімге ұзартуға болады. Ал одан кейін үміткер қызметке тек конкурс арқылы тағайындалады.

«Жалпы стандартты келісімшарт үш жылға жасалады. Министрлік оны екінші мерзімге ұзартуға құқылы. Бірақ одан кейін ректор тек конкурс арқылы тағайындалады. Қазіргі ректордың конкурсқа қатысуына шектеу қоя алмаймыз. Заң бойынша кез келген адам өтініш бере алады. Сондықтан, өкінішке қарай, кей жағдайда келісімшарт конкурс арқылы тағы да ұзартылуы мүмкін», – деп түсіндірді Саясат Нұрбек.

Енді министрлік жоғары оқу орындары ректорларының бір қызметте отыру мерзімін екі кезеңмен, яғни ең көбі алты жылмен шектеуді жоспарлап отыр.

Back to top button