Арыстағы әскери бөлім аумағында оқ-дәрі бөлшегі жарылды
Түркістан облысындағы Арыс гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің бірінде жоюға алдын ала дайындалған оқ-дәрі бөлшегі жарылды. Зардап шеккендер мен қираған нысандар жоқ, деп хабарлайды Tizgin.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Оқиғаға құрғақ шөптің өртенуі себеп болған
Оқиға 19 тамыз күні сағат 19:00 шамасында әскери бөлімнің техникалық аумағында болған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, аумақтағы құрғақ шөп тұтанып, салдарынан жоюға алдын ала дайындалған оқ-дәрі бөлшегі жарылған.
«Зардап шеккендер мен қираған нысандар жоқ. Жағдай бақылауда. Өрт ошағы оқшауланды, оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр», – делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік тұрғындарды әлеуметтік желілерде тарап жатқан тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.
Арыстағы жойқын жарылыс
Еске салайық, 2019 жылдың жазында Арыс қаласының маңындағы әскери қоймада өрт шығып, соңы жойқын жарылыстарға ұласқан еді. Апат салдарынан үш адам қаза тауып, ондаған адам зардап шекті. Қаланы қою түтін басып, тұрғындар жаппай қауіпсіз жерге көшірілді. Арада төрт ай өткенде оқ-дәрілерді жою жұмыстары кезінде сапер қаза тапқан болатын.