«Төрт ай өтті, нәтиже жоқ»: Іле ауданында көз жұмған оқушының отбасы әділ тергеуді талап етті
Алматы облысы Іле ауданының Көкқайнар ауылында 23 сәуірде көз жұмған 17 жастағы Ясмина Изимжан Әзімжанқызының отбасы үндеу жариялады. Туыстары жасөспірімге қайғылы оқиғаның алдында психологиялық қысым көрсетілгенін айтып, істің жан-жақты әрі объективті тергелуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ясмина «Менің мектебім» гимназиясының 11-сыныбында оқыған. Туыстарының айтуынша, ол мектеп бітіруге дайындалып, альбомына суретке түсіп, болашағына жоспар құрып жүрген. Алайда 2026 жылы 23 сәуірде жасөспірім өмірден өтті. Отбасы бұл жағдайға дейін болған бірқатар оқиға қыздың психологиялық күйіне ауыр әсер еткен болуы мүмкін деп санайды.
Отбасы психологиялық қысым болғанын айтады
Туыстарының мәлімдеуінше, Ясмина 10-сыныптан бастап 19 жастағы жігітпен араласқан. Алайда сол мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін жігіттің анасы олардың қарым-қатынасына қарсы болған. Отбасы мұғалімнің «ұйғыр келінді қаламаймын» деген мазмұнда сөз айтқанын және Ясминадан жігітпен араласуын тоқтатуды талап еткенін алға тартады. Кейін Instagram желісінде Ясмина мен басқа оқушылардың электронды темекі қолданып тұрғаны көрінетін видео тараған. Туыстарының сөзінше, осыдан кейін мұғалім қызға ата-анасын мектепке шақыратынын және мәселені сотқа дейін жеткізетінін айтып, одан жігітпен бұдан былай араласпайтыны туралы қолхат жазуды талап еткен. Отбасы бұл жағдай Ясминаны қатты қорқытып, психологиялық қысымға түсіргенін айтады. Сол күні ол мектептен үйіне оралған. Кейін қайғылы жағдай болып, жедел жәрдем шақырылғанымен, жасөспірімді аман алып қалу мүмкін болмаған. Туыстары Ясминаның ата-анасына арнап «анашым, әке, сіздерді жақсы көремін. Менде басқа амал болмады» деген мазмұнда хат қалдырғанын хабарлайды.
Қайғылы оқиғадан кейін анасы қызының оқиғасын көпшілікке жеткізу үшін Instagram желісінде «Ясмина үшін» атты парақша ашты.
«Барлық жағдайға құқықтық баға берілуі керек»
Ясминаның отбасы оқиғадан кейін бірден полицияға арыз түсіріп, прокуратура мен Оқу-ағарту министрлігіне жүгінгенін айтады. Алайда туыстарының мәлімдеуінше, арада төрт айға жуық уақыт өтсе де, тергеудің нақты нәтижесі туралы жауап берілмеген. Отбасы айыптап отырған мұғалімнің мектепте жұмысын жалғастырып, балалармен байланыста жүргенін айтады.
Марқұмның туыстары істің жабылып қалмауын, қайғылы жағдайдың алдында болған барлық оқиғаның тексерілуін және оған қатысы болуы мүмкін адамдардың әрекетіне құқықтық баға берілуін талап етеді.
«Біз объективті тергеуді, барлық жағдайдың анықталуын және кінәлі адамдардың әрекетіне заң аясында баға берілуін талап етеміз» делінген отбасының үндеуінде.