Жаңалықтар

Жеті партия. Бір алаң Бір ел: 24KZ арнасында «Басты дебат – 2026» басталды

«Хабар» Агенттігіне қарасты 24KZ телеарнасының тікелей эфирінде Құрылтай депутаттығынан үміткер жеті партияның қатысуымен «Басты дебат – 2026» саяси жобасы басталды.

Бұл жолы пікірсайыс алаңында саяси ұйымдардың өкілдері емес, еліміздегі жеті партияның көшбасшылары қатысатынын атап өткен жөн:

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрайымы Дания Еспаева, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров және Baytaq партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев. Дебат алдындағы блок сағат 19:00-де арнайы превью-бағдарламамен басталды.

Оның аясында барлық партияның сайлау алдындағы штабтарынан тікелей қосылымдар жасалып, саяси сарапшылармен сұхбат жүргізілді, сондай-ақ АҚШ, Қытай және БАӘ елдерімен халықаралық телекөпірлер ұйымдастырылды. Бұл – 20:00-ге белгіленген елдегі басты дебаттың алдындағы ауқымды кіріспе бөлім. Кез келген ашық пікірталастағы ең басты мәселе – тараптарға тең жағдайдың жасалуы.

Осы орайда қатысушылардың сөз сөйлеу кезегі жеребе арқылы басты дебатқа  бір күн қалғанда, яғни 18 тамыз күнгі 10:00-де 24KZ телеарнасының тікелей эфирінде анықталды. Жеребе нәтижесінде партия төрағалары төмендегі реттілікпен сөйлейді:

1. «Respublica»

2. «Baytaq»

3. «Ақ жол»

4. «Әділет»

5. «Ауыл»

6. ЖСДП

7. Қазақстан Халық партиясы

Төрт кезеңнен тұратын дебат форматы қатысушыларға партия бағдарламасын жүйелі түрде таныстыруға, оппоненттеріне сұрақ қоюға мүмкіндік береді. Естеріңізге салайық, осыдан бірнеше күн бұрын сайлаушыларды толғандырған сұрақтарды QR код арқылы қабылдайтын арнайы «Басты дебат» телеграм-боты іске қосылды. Осы орайда  халықтан партия көшбасшыларына 52 000-ға жуық сауал келіп түсті. Партия көшбасшылары сұрақтарға саяси доданың үшінші кезеңінде жауап береді.

Қорытынды бөлімде партия жетекшілері өздерінің сайлауалды мәлімдемелерін жасайды. Басты дебаттың негізгі тақырыбы – «Дамыған экономика – қуатты қоғам». Дебат барысында әрбір сайлаушыға тікелей қатысы бар әл-ауқат, әлеуметтік қорғау, ұлтқа қызмет ететін ұлттық экономика тақырыптары талқыланады. Дебат модераторлары белгілі тележүргізушілер – Нұрсұлтан Құрман мен Мөлдір Досбай, ал азаматтардан келіп түскен сауалдарды партия жетекшілеріне Сағыныш Әбікей жолдайды. Саяси доданы 24KZ телеарнасынан, сондай ақ арнаның YouTube, Telegram, Instagram, Facebook және TikTok желілеріндегі ресми аккаунттарынан онлайн режимде көруге болады.

Back to top button