Меркідегі Мадинаның өлімі: күйеуі істе куәгер болып танылды
Мадинаның жұбайы Мадияр қазір куә ретінде тұр. Бұл туралы Меркі аудандық Полиция бөлімінің бастығы Олжас Омарбеков айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Өкінішке қарай осындай жағдай орын алды. Оны бәріміз бақылап біліп отырмыз. Бұл жерде еш нәрсе жариясыз қалмайды. Қазіргі таңда қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201 тармағына байланысты біз ақпарат жария ете алмаймыз, бірақ ештеңе жасырын қалмайды. Бірнеше тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Мен оған 100% кепілдік берем, ақиқатқа жетеміз. Оның қорытындылары бойынша тиісті шешім қабылданады», – дейді Меркі аудандық Полиция бөлімінің бастығы Олжас.
Оның айтуынша, Мадияр қазір куәгер ретінде тұр.
«Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қорытындысын алғаннан кейін көреміз. Қоғамдық резонанс туындағанын көріп отырмыз, резонанс туындамаса да әр іс бақылауда болады», – дейді ол.
Еске салсақ, Жамбыл облысында 19 жастағы Мадина Рашидқызы көз жұмды. Артында 8 айлық сәбиі қалды. Қайғылы оқиғаға дейін бойжеткен құрбысына күйеуімен жанжалдасып қалғанын және оған күш көрсетілгені туралы жазған.
Журналист Руслан Өтепбай Жамбыл облысында көз жұмған 19 жастағы келіншек – Мадинаның төркініне барып, оның жақындарынан сұхбат алды.
Сондай-ақ, Мадина туралы әлеуметтік желіде оғаш пікір қалдырған азамат көпшілік алдында кешірім сұрады. Бұған дейін адвокат Аянхан Омаров оның жазбасына назар аударып, құқық қорғау органдарын аккаунт иесін анықтап, әрекетіне құқықтық баға беруге шақырған.