Жамбыл облысында көз жұмған 19 жастағы Мадина туралы әлеуметтік желіде оғаш пікір қалдырған азамат көпшілік алдында кешірім сұрады. Бұған дейін адвокат Аянхан Омаров оның жазбасына назар аударып, құқық қорғау органдарын аккаунт иесін анықтап, әрекетіне құқықтық баға беруге шақырған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
19 жастағы Мадина Рашидқызының қазасы қоғамда қызу талқыланып жатқанда, әлеуметтік желі қолданушыларының бірі марқұмға қатысты өрескел пікір қалдырған.
«Ақырзаман орнатпаңдаршы. Қыздың өлгені дұрыс шығар. Дені дұрыс адам баланың шоколадын жей ме? Бала сияқты шоколад жеген несі» – деп жазған ол.
Бұл сөзге желіде адвокат Аянхан Омаров реакция білдіріп, мұндай жазбаны тек «жеке пікір» ретінде қарастыруға болмайтынын жазған.
«Мадина Рашидқызының өлімін мазақ етіп, оны өлтірген адамның әрекетін ақтап отырғандар бар. Бұл – жай пікір емес. Мұндай сөздерге құқықтық баға берілуі тиіс. Аккаунт иесін анықтап, жауапкершілікке тартуды сұраймыз», – деп жауапты органды оның сөзіне құқықтық баға беруге шақырды.
Осыдан кейін пікір иесі бұрынғы жазбаларын өшіріп, көпшілік алдында кешірім сұрады.
«Осы жазбам үшін кешірім сұраймын. Менің мақсатым ондай емес еді…ЖИ-мен жасаушыларды тоқтату еді. Ойымды толық жеткізе алмай, қате жазғаным үшін кешірім сұраймын», – деп жазды ол.
Мадина ісі
Еске салсақ, Жамбыл облысында қаза тапқан Мадина Рашидқызы небәрі 19 жаста болған. Оның артында 8 айлық баласы қалды. Қайғылы оқиғаға дейін бойжеткен құрбысына күйеуімен жанжалдасып қалғанын және оған күш көрсетілгені туралы жазған.
Құқық қорғау органдары қыздың өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы – «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған.
Алайда марқұмның жақындары оның өзіне қол жұмсағаны туралы нұсқаға күмән келтіреді. Мадинаның анасы қызының соққыға жығылғанын мәлімдеген.
Полиция мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр.