Активінің мөлшері 6 трлн доллардан асатын China Construction Bank Қазақстанда еншілес банк құруы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Еншілес банк ашу жөніндегі кездесу
Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк басшылығы China Construction Bank төрағасы Чжан Цзиньлянмен кездесті. Тараптар Қазақстан банк секторының қазіргі жағдайы мен даму мүмкіндіктерін, сондай-ақ екі ел арасындағы қаржылық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылаған. Келіссөздің негізгі тақырыптарының бірі – Қазақстанда CCB-дің еншілес банкін құру мәселесі болды.
Кездесу қорытындысында тараптар екі елдің қаржы институттары арасындағы байланысты нығайтуға және инвестициялық жобалар бойынша бірлескен жұмысты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Әзірге болашақ банктің қашан ашылатыны, жарғылық капиталының көлемі және қандай қызметтер ұсынатыны жарияланған жоқ. Сондықтан мәселе әзірше келіссөз және талқылау сатысында тұр.
CCB Қазақстанда бұрыннан жұмыс істейді
China Construction Bank – Қытайдың мемлекеттік «үлкен төрттігіне» кіретін және актив көлемі бойынша әлемдегі үшінші ірі банк. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, оның активтері 6 трлн доллардан асады.
Банктің 2025 жылғы қорытындысы бойынша CCB тобының активтері 45,63 трлн юаньға, ал таза пайдасы 339,79 млрд юаньға жеткен. Банк 12,73 млн корпоративтік және 785 млн жеке клиентке қызмет көрсетеді.
CCB Қазақстанға енді ғана келгелі отырған жоқ. Банк 2019 жылдан бері Астана халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында Астана филиалы арқылы жұмыс істейді. Ол кезде CCB АХҚО-да толық лицензия алған алғашқы шетелдік банк филиалы атанған. Филиалға банктік қызмет көрсетуге және капитал нарығындағы операцияларды жүргізуге рұқсат берілген.
Демек, қазір талқыланып отырған еншілес банк – CCB-дің Қазақстанға алғаш келуі емес, елдегі қызметін бөлек заңды тұлға арқылы кеңейтуі болуы ықтимал. Алайда жаңа ұйымның нақты құқықтық мәртебесі ресми ақпаратта көрсетілмеген.
CCB Қазақстандағы ірі жобаларды қаржыландыруға да қатысып келеді. «Бәйтерек» холдингінің дерегінше, Қазақстанның Даму Банкі мен CCB-дің Астана филиалы арасында 500 млн доллар көлемінде стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасалған. Бұған қоса, 2024 жылы «Бәйтерек» пен CCB арасында 700 млн долларға дейінгі жобаларды қаржыландыруды көздейтін меморандумға қол қойылған.
Қазір Қазақстанда қытай капиталы қатысатын үш банк – Altyn Bank, Қазақстандағы Қытай банкі және Алматыдағы Қытай сауда-өнеркәсіп банкі жұмыс істейді. Олардың жиынтық активі 2,8 трлн теңгені немесе елдің банк жүйесі активтерінің 3,8%-ын құрайды. Егер CCB еншілес банк құру жөніндегі жоспарын жүзеге асырса, бұл тізімге тағы бір әлемдік деңгейдегі қаржы институты қосылмақ.