Беларусь туристері Алматыдағы мұздықтан адамның сүйегін тапты
Алматы облысындағы Северцов мұздығынан турист болуы мүмкін адамның сүйегі табылды. Оны екі апталық тау жорығынан оралған Беларусь азаматтары көрген. Алайда сүйек әлі мұздықтан түсірілмеген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл туралы Анастасия Ахметова Facebook-тегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, Беларусьтен келген достары 16 тамызда таудан түсіп, Северцов мұздығынан адам сүйегін көргендерін хабарлаған. Туристер оқиға орнында түсірілген фото мен видеоны да көрсеткен. Осыдан кейін олар 109 қызметіне қоңырау шалып, берілген WhatsApp нөміріне мұздықтың нақты координаттарын, фото және бейнематериалдарды жіберген.
Адам сүйегі мұздықта былтырдан бері жатуы мүмкін
Ахметованың сөзінше, Беларусь туристері сапарға дайындалу кезінде ресейлік топтардың 2025 жылғы туристік есептерінен осы аумақта адам сүйегі жатқанын оқыған. Тіпті оның фотосын да көрген. Сондықтан олар сүйек осы уақытқа дейін мұздықтан шығарылды деп ойлаған. Автордың мәліметінше, биылдың өзінде кемінде екі туристік топ сол маңнан өткен. Беларусь азаматтары мұздыққа жақын жерде Санкт-Петербургтен келген туристерді де жолықтырған. Олар марқұмның рюкзагынан құжаттарды алып, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлеріне табыстайтындарын айтқан. Алайда құжаттардың тиісті органдарға берілген-берілмегені әзірге белгісіз.
Бұл топтағы қолын сындырып алған әйел мен тағы бір ер адамды қазақстандық құтқарушылар эвакуациялаған. Ахметова осы дерек арқылы құжаттарды алған туристерді анықтауға болатынын айтады.
«Ол – біреудің баласы, әкесі немесе бауыры. Адам сүйегінің тауда жатуы және туристердің оған қайта-қайта тап болуы дұрыс емес», – деп жазды ол.
ТЖД полицияның ресми хатын күтіп отыр
Анастасия Ахметова құзырлы органдардан адам сүйегін мұздықтан түсіріп, марқұмның жеке басын анықтауды сұрады. Оның пікірінше, қажет болған жағдайда ДНҚ сараптамасын өткізіп, сүйекті туыстарына тапсыру керек. Жазба авторы кейін Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментімен байланысқан. Департамент өкілдері болған жағдай жөнінде полицияға хабарланғанын, алайда құтқарушыларды жұмылдыру үшін полициядан ресми хат күтіп отырғандарын жеткізген.
«Қыркүйекте қар жауса, сүйек мұздықта тағы бір жыл жатып қалуы мүмкін», – деп алаңдаушылық білдірді Ахметова.
Кейін ол бейресми мәлімет бойынша Северцов мұздығы орналасқан ауданға арнайы борт ұшып шыққанын хабарлады. Әзірге полиция мен Төтенше жағдайлар департаменті іздестіру жұмыстары және табылған сүйектің кімге тиесілі болуы мүмкін екені жөнінде ресми ақпарат жариялаған жоқ.