$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

OpenAI жасөспірімдерге арналған ChatGPT-ті іске қосты

OpenAI жасөспірімдер үшін арнайы бейімделген ChatGPT for Teens сервисін іске қосты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жүйе 13 пен 17 жас аралығындағы қолданушыларды автоматты түрде анықтап, ChatGPT-ті қауіпсіз әрі білім алуға бағытталған режимге ауыстырады.

Жаңа нұсқаның басты ерекшелігі – жасанды интеллект оқушының орнына тапсырманы орындап беруге емес, оның тақырыпты өз бетімен түсінуіне көмектесуге тиіс. Мәселен, жасөспірім үй тапсырмасына дайын жауап алуға тырысса, ChatGPT бірден шешім ұсынудың орнына бағыттаушы сұрақтар қойып, есепті немесе тапсырманы кезең-кезеңімен орындауға жетелейді.

Сервисте күрделі тақырыптарды жеңіл түсінуге көмектесетін визуалды түсіндірмелер, білімді бекітуге арналған шағын тесттер және арнайы «Оқу режимі» қарастырылған.

Бұдан бөлек, ата-аналар мен балалар «Оқу уақыты» функциясы арқылы белгілі бір уақытта оқу режимінің автоматты түрде қосылуын баптай алады. Компания мұндай тәсіл жасөспірімге уақытын тиімді жоспарлап, тұрақты оқу дағдысын қалыптастыруға көмектеседі деп есептейді.

OpenAI жасөспірімдерге арналған нұсқада қауіпсіздік талаптары мен ата-ана бақылауы күшейтілгенін айтады. Компанияның мақсаты – жасанды интеллектіні баланың орнына ойлайтын құралға айналдыру емес, керісінше, оның өздігінен ізденуіне, сыни ойлауына және технологияны саналы пайдалануға көмектесу.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button