$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Білім

«Бұл – жаңалық емес»: Аймағамбетов білім саласындағы жаңалықтарды сынға алды

Экс-депутат Асхат Аймағамбетов кейінгі кезде білім саласына қатысты бұрыннан белгілі бірқатар талаптың қайтадан «жаңалық» ретінде тарап жатқанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Аймағамбетов Threads желісіндегі жазбасында мысал ретінде мектепте смартфон қолдануға қатысты шектеу мен бірінші сынып оқушыларын бағалау тәртібін келтірді.

«Соңғы күндері бұрыннан белгілі ақпарат қайта-қайта “жаңалық” ретінде тарауда. Сабақ кезінде смартфон қолдануға тыйым салатын норманы біз 2024 жылы “Білім туралы” заңға енгіздік. Бұл – жаңалық емес», – деп жазды Аймағамбетов.

Бірінші сыныптағы бағалау тәртібі өзгермеген

Аймағамбетов бірінші сынып оқушыларына баға қойылмайтыны туралы ақпараттың да жаңалық еместігін атап өтті.

«Бірінші сыныпта баға қойылмайтыны 2020 жылы бекітілген. Мұғалім баланың ілгерілеуін бақылап, кері байланыс береді. Бұл – көптеген мысалдың екеуі ғана. Қажет болса, тізімді жалғастыруға болады», – деді ол.

Аймағамбетовтің сөзінше, мәселе бұрын қабылданған нормалардың қайта талқылануында емес, олардың қашан енгізілгені тексерілмей, жаңа өзгеріс ретінде ұсынылуында.

«Өкінішке қарай, кейде осындай тақырыптар дерек тексерілместен жарияланады», – деп жазды ол.

 

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button