TOP-2Білім

Шынар Ақпарова диплом алмай тұрып мұғалім болған ба – өзі түсініктеме берді

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова өзінің өмірбаянындағы әлеуметтік желіде қызу талқыланған дерекке түсініктеме берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұған дейін желі қолданушылары вице-министрдің орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі дипломын 2006 жылы алғанын, ал мұғалімдік еңбек жолын одан бірнеше жыл бұрын бастағанын қызу талқылаған еді. Үкіметтегі баспасөз мәслихатынан кейін Tizgin.kz тілшісі вице-министрден осы мәселеге қатысты пікірін сұрады.

«Сол кезде сырттай оқып жүрдім»

«Сіз қызметке тағайындалғаннан кейін кәсібилігіңізге күмән келтіріп жатқандар бар. Дипломды 2006 жылы алған екенсіз. Бірақ кейін сол ақпарат өшірілді деп жатыр. Бұл туралы не дейсіз?» деп сұрады тілші.

Ақпарованың айтуынша, ол еңбек жолын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып Жаңаарқа ауданы, Атасу стансасында №135 Атасу шағын жинақты мектебінде бастаған. Ол мұны сол кезеңде қолданыста болған «Білім туралы» заңның нормаларымен түсіндірді.

«Мен өзім еңбек жолымды алыс шалғай ауылдағы шағын жинақты мектепте қызмет атқарудан бастадым. Сол кезде 2007 жылға дейінгі “Білім туралы” заңның 39-бабында қандай да бір маман, кадр тапшылығы болған жағдайда білім беру ұйымы педагогикалық кеңесінің шешімімен мамандарды жұмысқа алу мүмкіндігі қарастырылған болатын. Ол кезде мен мектепте жұмыс жасадым. Сонымен қатар сырттай оқыдым. Бұл ретте осы жоғары оқу орнын мемлекеттік тапсырыс арқылы, грантпен аяқтадым», – деді Ақпарова.

Сондай-ақ вице-министр дипломын 2006 жылы алғанын растады.

«Иә, сол жылы мен дипломымды алдым. Одан кейін тағы да екінші жоғары оқу орнына түстім. Оған сәйкес педагог қызметте жұмыс істедім», – деді бірінші вице-министр.

Айта кетейік, Шынар Ақпарова бірнеше күн бұрын Оқу-ағарту бірінші вице-министрі болып тағайындалған еді.

Back to top button