TOP-1Экономика

Ресей қазақ мұнайының экспорт бағытын өзгертпек: Қазақстан ұта ма, әлде ұтыла ма

Ресей тамыз айының соңынан бастап Қазақстанның Балтық теңізіндегі Усть-Луга порты арқылы жөнелтілетін мұнайын Новороссийскіге бағыттағалы отыр. Бұл – Қазақстанның мұнай экспортын тоқтату дегенді білдірмейді. Ресей өз аумағындағы теңізге шығатын нүктені уақытша ауыстырады. Осы шешімнің Мәскеуге берер пайдасы айқын, ал Қазақстан үшін тиімді тұсымен бірге тиімсіз жағы да көріне бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мәскеу Қазақстан мұнайын неге Қара теңізге бұрып жатыр

Reuters агенттігінің нарықтағы төрт дереккөзге сүйеніп хабарлауынша, Мәскеу тамыздың соңынан кемі қыркүйек айының аяғына дейін Қазақстанның Ресей аумағы арқылы өтетін осы транзиттік көлемін түгелдей Новороссийскіге бағыттауды көздеп отыр. Усть-Луга портынан тамыздың соңында тиелуі тиіс қазақстандық KEBCO мұнайының кемі екі партиясы Новороссийскіге ауыстырылған. Қазіргі кесте бойынша қыркүйекте Усть-Лугадан KEBCO тиеу мүлде жоспарланбаған. Соның арқасында Ресей Балтық портында өз мұнайына тәулігіне шамамен 100 мың баррель қосымша орын босатады.

Яғни бұл шешімнің басты мақсаты – Қазақстан мұнайының қауіпсіздігін күшейту емес, Балтықтағы мұнай өткізу қуатын Ресей экспортына беру.

Қара теңіздегі шабуылдардан кейін кеме иелері Ресей мұнайын Новороссийскіден тасуға сақтықпен қарап, танкер жалдау қиындай түскен. Ал қазақстандық KEBCO мұнайы ресейлік Urals маркасымен салыстырғанда тәуекелі төмен жүк ретінде қабылданады. Reuters дерегінше, Украина да ресейлік емес мұнайды тасымалдайтын танкерлерге шабуыл жасамауға уәде берген. Осылайша Ресей өзінің мұнайын Балтық теңізі арқылы жөнелтіп, Қара теңіздегі күрделі бағытты Қазақстанның мұнайымен толтыруға тырысып отыр.

«ҚазТрансОйл» мәліметі бойынша, 2026 жылғы шілдеде Усть-Луга бағытына 286 мың тонна, Новороссийскіге 360 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтілген. Тағы 155 мың тонна Баку–Тбилиси–Жейхан құбырымен, 98 мың тонна Қытайға экспортталған.

Қазақстан ұта ма, әлде ұтыла ма

Біріншіден, бұл шешім Қазақстан мұнайының экспорты тоқтайды деген сөз емес. Мұнай бұрынғыдай Ресейдің құбыр жүйесіне беріледі, тек Балтық теңізінің орнына Қара теңіз жағалауынан танкерлерге тиеледі. «ҚазТрансОйл» мен «Транснефть» арасындағы 2026 жылға арналған келісімде екі порт та экспорт бағыты ретінде қарастырылған.

Қысқа мерзімде Новороссийск бағыты қазақстандық өндірушілерге коммерциялық тұрғыдан тиімді болуы мүмкін. Reuters дереккөздері мұнай өндірушілердің бұл өзгерісті қолдап отырғанын айтады. KEBCO мұнайының негізгі бөлігі Жерорта теңізі маңындағы кәсіпорындарға және «ҚазМұнайГаздың» Еуропадағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіледі. Географиялық тұрғыдан Новороссийск бұл нарықтарға жақынырақ болғандықтан, теңізбен тасымалдау шығыны төмендеуі ықтимал.

Бірақ басты тәуекел де осы тұста басталады. Қазақстан мұнайының бірнеше ағыны Қара теңіз жағалауында шоғырлана түседі. Оның үстіне Новороссийск қауіпсіз бағыт емес. 14 тамыздағы дрон шабуылынан кейін «Шесхарис» терминалы мұнай тиеуді және шикізат қабылдауды уақытша тоқтатты. Жұмыс тек екі күннен кейін қалпына келіп, алғашқы танкерлердің бірі қазақстандық KEBCO мұнайын тиеген. Терминал тәулігіне шамамен 700 мың баррель мұнай өткізе алады, алайда шабуыл қаупі мен танкер тапшылығы кестенің бұзылуына әкелуі мүмкін. Reuters Новороссийскідегі осындай осалдықтың күшейгенін бұған дейін де жазған.

Мұнда тағы бір маңызды жайт бар: Новороссийскіге ауыстырылатын KEBCO көлемін Қазақстанның бүкіл мұнай экспортымен шатастырмау керек. Ел экспортының шамамен 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы өтеді. КҚК-ның теңіз терминалы да Новороссийск маңында орналасқанымен, ол «Шесхаристен» бөлек инфрақұрылым. Демек қазіргі шешім КҚК арқылы жөнелтілетін негізгі көлемнің бағытын өзгертпейді.

Соған қарамастан, Қара теңіздегі жағдай нашарласа, Қазақстан бұрын қосалқы бағыт ретінде пайдаланған Усть-Лугаға жедел орала алмауы мүмкін. Порттардағы жұмыс кідіріп, резервуарлар толған жағдайда құбырлар мұнай қабылдауды шектейді. Мұндай үзіліс ұзаққа созылса, қазақстандық кен орындары өндірісті азайтуға мәжбүр болуы ықтимал. Әзірге шешімнен Қазақстан бюджетіне немесе мұнай өндірісіне тікелей шығын келгені туралы мәлімет жоқ. Тасымал кестесі бұзылмаса, экспорт көлемі сақталып, өндірушілердің логистикалық табыстылығы тіпті артуы мүмкін. Негізгі қауіп – Қазақстан мұнайының соғыс тәуекелі жоғары Қара теңіз инфрақұрылымына бұрынғыдан да көбірек тәуелді бола түсуі.

Reuters материалы жарияланған кезде Қазақстан мен Ресейдің энергетика министрліктері бұл ақпаратқа ресми түсініктеме берген жоқ. Сондықтан әзірге әңгіме үкіметаралық ресми мәлімдеме емес, мұнай тиеу кестелері мен нарықтағы дереккөздер растаған өзгеріс туралы болып отыр.

Back to top button