Без рубрики

Трамп Ким Чен Ынмен биыл күзде кездесуді жоспарлап отыр – WSJ

АҚШ пен КХДР келіссөздері қайта жандана ма

АҚШ президенті Дональд Трамп биыл қарашада Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесіп, Пхеньянның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді қайта жандандыруды көздеп отыр. Бұл туралы америкалық шенеуніктерге сілтеме жасаған The Wall Street Journal басылымы жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Кездесу АТЭС саммиті кезінде өтуі мүмкін

Басылым дерегінше, екі ел басшысының кездесуі қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы ұйымының саммиті кезінде ұйымдастырылуы ықтимал.

Алайда әзірге ықтимал кездесуге ресми дайындық басталмаған. Ақ үйдің бұл жоспарының жүзеге асатыны және Пхеньянның ұсынысқа қандай жауап беретіні де белгісіз.

Бұған дейін Дональд Трамп АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларының ауқымын қысқарту туралы шешім қабылдап, Ким Чен Ынға бейбіт келісім жасасуды ұсынған еді.

Бұған дейінгі келіссөздер нәтиже бермеді

Трамп пен Ким Чен Ын АҚШ президентінің алғашқы өкілеттік мерзімі кезінде үш рет кездескен. Алайда тараптардың Солтүстік Кореяның ядролық инфрақұрылымын жоюға қатысты келіссөздері түпкілікті нәтижеге жеткізген жоқ.

Содан бері КХДР-дың ядролық әлеуеті айтарлықтай артқан. Стэнфорд университетінің Қауіпсіздік және халықаралық ынтымақтастық орталығының сарапшысы Джеффри Льюистің бағалауынша, Солтүстік Кореяның ядролық арсеналында қазір бірнеше жүз қару болуы ықтимал. Ол мұны Пхеньян көрсеткен жүздеген зымыран ұшыру қондырғысымен, сондай-ақ плутоний мен жоғары байытылған уран өндірісінің өсуімен байланыстырады.

Трамп 2025 жылы Азияға сапары кезінде де Ким Чен Ынмен келіссөз өткізгісі келген. Америкалық шенеуніктердің сөзінше, сол кезде Пхеньян кездесуге дайын екенін білдіргенімен, оны қысқа мерзімде ұйымдастыру мүмкін болмаған. Енді Ақ үй Солтүстік Кореямен тоқтап қалған диалогты қайта бастауға тағы бір мүмкіндік іздеп отыр.

Back to top button