Жаңалықтар

1,1 трлн теңге елге қайтарылды: Үкімет қаржы жұмсалатын жобаларды атады

Қазақстанға 1,1 трлн теңгеден астам актив қайтарылды. Бұл қаражат медициналық және білім беру нысандарын, сумен жабдықтау жүйелерін, әуежайларды, инженерлік желілер мен спорт кешендерін салуға және жаңғыртуға бағытталып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Білім саласындағы 17 жобаға 64,4 млрд теңге бөлінді

Қайтарылған активтер есебінен білім беру инфрақұрылымын дамытуға жалпы сомасы 64,4 млрд теңге болатын 17 жоба мақұлданған.

Осы қаражатқа Петропавл қаласында жаңа мектеп пен 280 орындық балабақша ашылды. Шымкентте арнайы мектеп-интернатқа арналған 300 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар Абай, Ұлытау, Жамбыл және Қостанай облыстарында жаңа білім беру нысандары іске қосылды.

Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының жалпы ауданы 6,6 мың шаршы метр ғимараты да қайта жаңғыртылды. Мұнда дүниетану және ақпараттандыру факультетінің студенттері, сондай-ақ педагогикалық және жаңа білім беру бағыттарының тыңдаушылары білім алады.

Институт проректоры Жайнагүл Дүйсебаеваның айтуынша, жаңғыртылған ғимарат жоғары оқу орнының мамандар даярлау және ғылыми зерттеу мүмкіндігін кеңейтеді.

«Біз үшін бұл жай ғана жаңа ғимарат емес, сапалы білім беру мен жоғары оқу орнын одан әрі дамытуға берілген қосымша мүмкіндік. Осы жылдан бастап ақпараттық технологиялар, журналистика және ауыл шаруашылығы бойынша жаңа магистрлік бағдарламалар ашуды жоспарлап отырмыз. Ғимаратта жасанды интеллект зертханасы мен салалық орталықтар да жұмыс істейді», – деді ол.

Сондай-ақ мұнда клиникалық мектеп, инклюзивті білім беру, педагогикалық зерттеулер және халықаралық бағдарламалар бағытындағы жобалар жүзеге асырылмақ.

Қаражат энергетика мен өнеркәсіп инфрақұрылымына да жұмсалады

Қайтарылған активтердің бір бөлігі арнайы экономикалық аймақтарда жаңа өндірістерді іске қосуға қажетті энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа зауыттарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін кірме автомобиль жолдары, жылумен және телефон байланысымен жабдықтау желілері, сондай-ақ магистральдық кәріз жүйесі салынып жатыр.

Жамбыл, Қарағанды және Абай облыстарында елді мекендер мен өнеркәсіптік нысандарды тұрақты энергиямен қамтуға арналған қазандықтар, газ құбырлары және электр желілері салынып, қолданыстағы инфрақұрылым жаңғыртылуда.

Үкіметтің мәліметінше, активтерді қайтару жөніндегі Бас прокуратурамен бірлескен жұмыс әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беріп отыр. Қайтарылған қаражат, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірлердің дамуына тікелей ықпал ететін жобаларға жұмсалады.

Back to top button