Ұлдана Мырзуан ісінде сот Әділет Зейнелдің өтінішін қанағаттандырмады

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Сот марқұмның күйеуі Әділет Зейнелді жәбірленушілер қатарынан шығару туралы өтінішті қанағаттандырмады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әділет Зейнелдің өкілі, адвокат Мұрат Мәуметов соттан оның жәбірленуші ретінде іске қатысуын тоқтатып, бұл мәртебені басқа адамға беруді сұрады. Қорғаушының айтуынша, Ұлдана Мырзуан қайтыс болған кезде Әділет Зейнел оның заңды некедегі күйеуі болған. Осыған байланысты ол қылмыстық іс аясында жәбірленушінің өкілі ретінде танылған.
Алайда Әділет Зейнел жәбірленушіге тиесілі құқықтарды марқұмның анасы жүзеге асыруына қарсылық білдірмеген.
«Қазір марқұмның анасы да жәбірленуші деп танылды. Ол – Ұлдана Мырзуанның жақын туысы. Екі тараптың өзара келісіміне сәйкес, анасы осы қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің құқықтарын өзі жүзеге асырғысы келеді», – деді адвокат.
Соған қарамастан, судья қорғаушының өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Осылайша Әділет Зейнелдің іс бойынша жәбірленуші мәртебесі сақталып қалды.
Сот алдында ОСИ төрайымы жауап беріп жатыр
Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша ОСИ төрайымы Сәуле Жұбаниязованың сотталушы ретінде танылғаны хабарланған.
Оған Қылмыстық кодекстің 254-бабы – «Міндеттеріне адал қарамау» бойынша айып тағылған. Қазіргі уақытта сот істі мәні бойынша қарауға әзірлік аясындағы алдын ала тыңдауды жалғастырып жатыр.