Жаңалықтар

Сот Бажкенованың кінәсі толық дәлелденді деп таныды: түрме жазасына кесілген оның жазасы екі жылға кейінге шегерілді

Алматының Бостандық аудандық №2 аудандық сотында журналист Гүлнәр Бажкеноваға үкім шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бажкеноваға қандай айыптар тағылды

Журналистке қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету), 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағында (заңсыз кәсіпкерлік), 274-бабы 2-бөлігінің 1, 3-тармақтарында (көрінеу жалған ақпарат тарату және ұрлау) көзделген бірқатар қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша айып тағылған.

Сот нені анықтады

Сот мәліметінше, 2024 жылы қараша мен 2025 жылғы желтоқсан аралығында «Орда» басылымының басшысы болған Бажкенова өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, компанияның есепшоттарынан 88 144 127 теңгені жымқырған. Ақшаны ол жалған жарнамалық, кәсіби және ғылыми қызметтерге ақы төлеу ретінде бақылуындағы жеке кәсіпкердің есепшотына аударған, сондай-ақ ұлының жекеменшік халықаралық мектепте оқу ақысын төлеген. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелмеген ол Алматы қаласында пәтерлерді сатып алу және сату арқылы 121 200 000 теңге көлемінде табыс алған, бұл ретте салық төлемдерін төлемеген.

“2024-2025 жылдар аралығында Б. «О» ақпараттық-талдамалық порталының бас редакторы бола отырып, адамдар тобының құрамында, алдын ала сөз байласу арқылы, 8 эпизод бойынша интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы көрінеу жалған ақпаратты бірнеше рет таратқан. Нәтижесінде азаматтардың, ұйымдар мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілген”, – делінген сот хабарламасында.

Үкім

Сот үкімімен Гүлнар Бажкенова кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 5 жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдары, журналистика, блог жүргізу, жария іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызмет салаларында қызметпен айналысуға, сондай-ақ БАҚ-қа байланысты ұйымдарда басшылық және материалдық жауапты лауазымдарды атқаруға құқықтан айырылды. Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігі негізінде 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу 2 жылға кейінге шегерілді.

Сонымен қатар, материалдық залалды өтеу есебіне 95 992 350 теңге, 2 879 770 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж, сондай-ақ жәбірленуші тараптың заң көмегіне ақы төлеу және процестік шығындары ретінде 6 800 000 теңге өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Back to top button