«Қызым қара жердің астында, күйеу балам – бостандықта»: Мадинаның анасы сұхбат берді
Журналист Руслан Өтепбай Жамбыл облысында көз жұмған 19 жастағы келіншек – Мадинаның төркініне барып, оның жақындарынан сұхбат алды. Анасы қызының бір маман екі рет сараптама жасағанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Қызымды сүйреген»
«Мен қызымның қайтыс болғанын Зейнептен естідім (Зейнеп – Мадинаның құрбысы). Ести сала бірден жолға шықтым. Меркедегі құда-құдағидың үйіне таңғы төртте ініммен бірге бардым. Қызымды көрсеткен жоқ. Менің рұқсатымсыз оны экспертизаға беріп тастаған. Олар көңіл айтқан жоқ. «Қызыңыз қазір келеді» деп айтты. Мені келген таксидің ішіне отырғызып қойды. Қызымның мәйітін кешкі бестен кеткенде көрдім. Беті, денесі көгерген, шашында шөп бар. Оны сүйреген деп ойлаймын», – дейді Мадинаның анасы.
«Қызым тірі болса – ертең 19 жасқа толатын еді»
Оның айтуынша, қызының тұрмыс құрғанына 2 жыл болған. Күйеуінің ұратынын айтып хабарласқан кезі де болған.
«Үйге келген кезі де болды. Мен «Қызымды неге ұрасыңдар?» деп күйеу балама, құдағиыма ұрсамын. Қызым күйеуін қатты жақсы көрген соң қайта кетіп қала беретін. Араларында 10 айлық баласы бар. Ол қазір әкесінің қолында. Мен олардан қызыма не болғанын сұраған кезде өзін асып қойғанын айтты. Мен бұл сөзге сенбей, қайтадан сараптамаға бердік. Екінші сараптаманы бірінші рет сараптама жасаған әйел жасады. Екі сараптаманы да бір адам жасағаны мені алаңдатып отыр. Қызым баласын жақсы көрді. Үйге келгенде баласын алып қалатын. Күйеубалам – жұмыссыз, 23 жаста. Қызым ертең 19 жасқа толатын еді», – дейді ол.
«Қызымды 16 жасында алып қашты»
Анасының айтуынша, Мадинаны 16 жасында алып қашқан.
«Біз қызымызды қалдырмаймыз деп шештік. Қызым өзі қалғысы келді. Екеуі әлеуметтік желіде танысқан. Қызым колледжде оқып жүрген кезде алып қашты. Жаназаға құда-құдағилар келген жоқ. Олардың жаны қиналып тұрған жоқ. Мен әділдікті қалаймын. Қызым өзіне қол жұмсауы мүмкін емес. Қызым қара жердің астында, ал күйеубалам қара жердің үстінде бостандықта жүр. Полиция «Өз-өзіне қол салу» бабы бойынша қылмыстық іс тіркеді, мен мұнымен келіспеймін», – дейді Мадинаның анасы.
Ол қызы мен күйеубаласы не үшін ұрсысқаны туралы айтты.
«13 тамызда «Барни» үшін ұрсысқан. 14 тамызда қызым маған хабарласып «Мен 1 дана «Барни» шоколадын жегенім үшін күйеуім ұрысып, ұрды» деп айтты. Қызымның бет-аузы, арқасы көгерген, аяқтары тырналған. Оны полиция да көрді», – деді ол.
Еске салсақ, Жамбыл облысында 19 жастағы Мадина Рашидқызы көз жұмды. Артында 10 айлық сәбиі қалды. Қайғылы оқиғаға дейін бойжеткен құрбысына күйеуімен жанжалдасып қалғанын және оған күш көрсетілгені туралы жазған.
Сондай-ақ, Жамбыл облысының полиция департаменті бұған дейін өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған. Полиция мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр.