TOP-1Сараптама

Қазақстан импорттайтын әр 100 лифтінің 98-і Қытайдан келеді

Қазақстанда көпқабатты тұрғын үй құрылысы қарқын алып, елдегі лифт қоры ұлғайып жатқанмен, өндіріс осы сұранысқа ілесе алмай келеді. Бұл мақалада Tizgin.kz лифт нарығын шолып шықты.

10 жылда толық тәуелділік пайда болды

Қазақстанда қолданыстағы лифтердің көбі тозған. Яғни нарықта жаңа үйлер үшін де, ескі лифтілерді ауыстыру үшін де тұрақты сұраныс бар. Соған қарамастан Қазақстан бұл сегментте импортқа барған сайын тәуелді болып отыр: 2015-2025 жылдары елге әкелінген лифт саны 1 510-нан 5 741-ге дейін өссе, импорттағы Қытайдың үлесі 52,8%-дан 98,7%-ға дейін жеткен.

2015 жылы Қазақстанға әкелінген лифтердің жалпы құны 49,5 млн доллар болды. Ал 2025 жылы импорт көлемі 5 741 данаға, ал оның құны 109,2 млн долларға жетті. Импорт физикалық көлемде шамамен 3,8 есе, ақшалай көлемде 2,2 есе өскен. Бұл нарықтың айтарлықтай кеңейгенін көрсетеді.

Импорт құрылымындағы өзгеріс бұдан да қызық. 2015 жылы Қытайдан 797 лифт әкелінген, бұл жалпы импорттың 52,8%-ы еді. Ол кезде Қазақстан нарығында Оңтүстік Корея, Түркия, Финляндия, Германия сияқты елдердің өнімдері де болған. 2025 жылы 5 741 лифтің 5 662-сі Қытайдан жеткізілген. Осылайша Қытайдың импорттағы үлесі 98,7%-ға жетті. Ақшалай мәнде де оның үлесі 97,1% болды.

Қазақстанда лифтке деген сұраныс әлі ұзақ уақыт сақталатын түрі бар. 2025 жылы Қазақстанда 2 591 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонда жыл сайын кемінде 2,5 мың ғимаратқа жаңа лифт қажет деген сөз. Елдегі бұрыннан пайдаланылып келе жатқан лифтілердің едәуір бөлігі де жаңартуды қажет етеді.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Ашық деректерге сүйенсек, Қазақстанда 4 мыңнан астам лифт міндетті түрде ауыстыру қажет. Ал Еуразиялық экономикалық комиссияның деректерінде шамамен 7 мың лифттің пайдалану мерзімі толық аяқталғаны айтылған.

Лифт – арзан дүние емес. Мысалы, Алматыда бір лифтіні сатып алып, орнатудың орташа бағасы өндірушіге және ғимараттың ерекшелігіне қарай 14-18 млн теңге арасында құбылады.

Қытайлық Fuji лифтінің орташа бағасы 15,89 млн теңге, Fujizy – 17,98 млн теңге, түркиялық LiftComp – 15,24 млн теңге, Беларусьтің Могилевлифтмашы – 15,19 млн теңге. Қазақстандық LGS лифтінің көрсетілген орташа бағасы 13,86 млн теңге.

Алматыда 2026 жылы 57 көппәтерлі үйдегі 105 лифтіні ауыстыру жоспарланған. Бір лифтінің көрсетілген орташа бағасын негізге алсақ, тек осы 105 жабдықтың құны шамамен 1,46-1,89 млрд теңге аралығында болады. Қалада 2011-2025 жылдары мемлекеттік бағдарлама арқылы 1 128 көппәтерлі тұрғын үйдегі 2 372 лифт ауыстырылған. Оған жалпы 18,3 млрд теңге жұмсалған. Демек, лифтіні жаңарту нарығы бір реттік емес, бірнеше жылға созылатын тұрақты сұраныс қалыптастырып отыр.

Лифт кондоминиумның ортақ мүлкі болғандықтан, оны ауыстыру туралы шешімді пәтер иелері қабылдайды. Ол үшін меншік иелерінің кемінде 51%-ының қолдауы қажет. Қазіргі бағдарлама бойынша күрделі жөндеу мен лифтіні ауыстыруға республикалық бюджеттен 0,1% мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі несие қарастырылған, ал қаражатты қайтару мерзімі кей жағдайда 15 жылға дейін созылады. Басқаша айтсақ, әрбір жаңаланған лифт тұрындардың қалтасына тікелей салмақ салып жатыр. Ең бастысы, осы сұраныстың 97 пайызын импорт жауып тұр.

Технологиялық тізбегі жоқ отандық өндіріс

Қазақстанда лифт құрастыратын кәсіпорындар жоқ емес. Елде AUXE, LGS Kazakhstan Elevator Group және «Алматылифт» сияқты өндірістер бар. Бірақ олардың қауқары ішкі сұранысты 5 пайызын жабуға да жетпей тұр.
Оның үстіне «Қазақстанда өндірілген лифт» деген ұғымның өзі көп қырлы. Мысалы, LGS қазақстандық өнім ретінде көрсетілгенмен, оның құрамдас бөлшектері Қытай мен Кореядан келеді. Бұл тұрғыдан алғанда лифт өндірісі де автоөндіріске ұқсас – өндірістің технологиялық тізбегі толық қалыптаспаған.

2015-2025 жылдардағы импорт статистикасына сүйенсек, маңызды Қазақстанда лифт импорты 1 510-нан 5 741 данаға дейін өскен. Бірақ нарық географиясы барынша тарылған: Қытайдың үлесі 52,8%-дан 98,7%-ға жетті.

Бұл Қазақстанның құрылыс индустриясы дамығанымен, оған қажетті жабдық өндірісін дәл сондай қарқынмен қалыптастыра алмағанын көрсетеді. Он жыл ішінде жаңа сұраныс пайда болды, ескі лифтілерді ауыстыру қажеттілігі қордалана түсті, мемлекеттік қаржыландыру тетіктері енгізілді. Бірақ импорттың орнын басатын технологиялық өндіріс жеткілікті ауқымға шыққан жоқ.
Егер алдағы жылдары ескі лифтілерді ауыстыруға жұмсалатын миллиардтаған теңге қайтадан негізінен импорттық жабдыққа кетсе, Қазақстан тұрғын үй қорын жаңартқанымен, өзінің машина жасау базасын айтарлықтай кеңейте алмайды. Ал осы тұрақты сұраныс отандық зауыттардың өндірістік қуатын арттыруға, негізгі бөлшектер өнідірісін жергіліктендіруге және технологиялық тізбекті қалыптастыруға бағытталса, лифт нарығы құрылыс саласына қызмет көрсететін қарапайым сегменттен Қазақстанның машина жасауындағы жеке өндірістік бағытқа айналар еді.

Түйіндесек, Қазақстанда лифт нарығы да, ақша да бар, тұрақты сұраныс та бар. Бірақ сол нарықтың импорты барған сайын Қытайға түбегейлі тәуелді болып барады.

Back to top button