
Қазақстанда оқушыларға сабақ кезінде ұялы телефон пайдалануға тыйым салынады. Ал үзіліс уақытында смартфон қолдануға рұқсат беру немесе шектеу мәселесін әр мектеп ішкі тәртіп ережесіне сай өзі шешеді. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Үкіметтегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сабақ кезінде телефон пайдалануға болмайды
Үкіметтегі баспасөз мәслихатында журналистер бірінші вице-министрден оқушылардың үзіліс кезінде телефон пайдалануына рұқсат етіле ме деп сұрады. Шынар Ақпарованың айтуынша, министрлік абоненттік ұялы байланыс құралдарын пайдалану тәртібін айқындайтын ережелерді әзірлеген. Оған сәйкес, оқушыларға оқу процесі кезінде ұялы телефон пайдалануға болмайды.
«Осы талаптардың негізінде білім беру ұйымдары барлық ұйымдастыру мәселесін өзінің ішкі тәртіп ережелерімен реттейді», – деді Шынар Ақпарова.
Демек, оқушылардың телефондарын сабақ кезінде қайда және қалай сақтайтынын мектептер өздері анықтайды. Мәселен, смартфондарды сабақ басталғанда жинап қоюы немесе арнайы жәшіктерде сақтауы мүмкін. Нақты тәртіпті әр білім беру ұйымы дербес белгілейді.
Үзіліс кезінде телефон пайдалануға қатысты да ұйымдастыру мәселелері мектептің ішкі тәртібімен реттелмек.
Жаңа талап барлық мектепке ортақ болады
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа оқу жылынан бастап мектептерде смартфон пайдалануға қатысты бірыңғай талап енгізілетінін мәлімдеген.
Осыған дейін әр мектеп сабақ кезінде оқушылардың телефон пайдалану тәртібін өз бетінше белгілеп келсе, енді оқу процесінде смартфон қолданбау талабы барлық білім беру ұйымына ортақ болады.
Министрлік мұндай шектеуді сабақ кезіндегі тәртіп пен білім сапасына тікелей әсер ететін мәселелердің бірімен байланыстырып отыр. Себебі смартфон оқушының назарын сабақтан бөліп, әлеуметтік желі, ойын немесе хат алмасуға алаңдатуы мүмкін.
Сонымен бірге жаңа тәртіп телефонды мектепке мүлде алып келуге тыйым салуды білдірмейді. Негізгі шектеу – оқу процесі кезінде смартфонды пайдаланбау. Ал телефонды сақтау тәртібі мен үзіліс кезіндегі қолданысына қатысты нақты талаптарды әр мектеп өзінің ішкі ережесі арқылы айқындайды.