Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінің білім беру бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрдің айтуынша, білім беру мазмұны жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылады. Сонымен қатар бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілдері өзгеріп, үлгілік оқу жоспарлары оңтайландырылады.
Мектептерде жаңа міндетті курстар пайда болады
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, жаңа оқу жылынан бастап 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. Ал 8-11-сыныптарда «Заң және Тәртіп» міндетті оқу курсы оқытылады.
Бұдан бөлек, 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курсы енгізіледі.
Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсының мәртебесі де өзгереді. Енді ол барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналып, мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендіріледі.
Министр үлгілік оқу жоспарларының құрылымы да оңтайландырылғанын айтты. Оқушылардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталады.
Бастауышта БЖБ мен ТЖБ алынып тасталады
Министрдің баяндамасында бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне енгізілетін өзгерістерге де ерекше назар аударылды.
Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталады. Оның орнына күнделікті, яғни қалыптастырушы бағалаудың рөлі күшейтіледі.
Оқушының білімін бағалау әдісін таңдауда мұғалімдерге еркіндік беріледі. Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, педагогтер диктант, мазмұндама, шығарма, жоба, ауызша және практикалық жұмыстар секілді бағалау әдістерін өздері таңдап, оларды аралық бақылау формасы ретінде қолдана алады.
Осылайша, жаңа оқу жылындағы өзгерістер мектеп бағдарламасын жаңа міндетті курстармен толықтырумен қатар, бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілін де жаңартуды көздейді.
Оның орнына күнделікті қалыптастырушы бағалаудың рөлі күшейтіледі.
Оқушының білімін қандай тәсілмен тексеретінін мұғалімнің өзі таңдай алады. Аралық бақылау диктант, мазмұндама, шығарма, жоба, ауызша немесе практикалық жұмыс түрінде өткізілуі мүмкін.
Жаңа талаптар 2026-2027 оқу жылынан бастап қолданылады.