Төрт адамды өлтірген Сәрсемәлиевтің ісі: апелляциялық шағым түсті
Атырау облысында бұрынғы жұбайының төрт туысын өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот актісіне апелляциялық шағым түсті. Алайда шағымды сотталған азаматтың өзі де, оның қорғаушылары да бермеген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Шағымды Сәрсемәлиев бермеген
Сот кабинетіндегі мәліметке сәйкес, апелляциялық шағым 2026 жылы 29 шілдеде тіркелген. Бұл – алғашқы үкім шығарылғаннан кейін екі апта өткен уақыт. Атырау облыстық сотының түсіндіруінше, үкімді жариялау кезінде судья бірқатар мекеменің басшыларына қатысты бірнеше жекеше қаулы шығарған. Апелляциялық шағымды сол мекемелердің бірі берген.
Ал Сұлтан Сәрсемәлиевтің өзі әзірге сот алқасына шағым түсірмеген. Демек, тіркелген апелляция оның кінәсі мен өмір бойғы жазасына емес, сот шығарған жекеше қаулыға қатысты болуы мүмкін. Сондықтан бұл шағым Сәрсемәлиевке кесілген жазаның автоматты түрде қайта қаралатынын білдірмейді.
Сәрсемәлиевке берілген жаза
Атырау облысында төрт бірдей туысын аяусыз өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді. Сот үкімімен Сәрсемәлиев қайнысы Наурыз Мұқанғалиевті, қайын атасы Мақсот Қарабалинді, қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны және балдызы Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіргені үшін кінәлі деп танылған. Бұдан бөлек, ол интернет арқылы алаяқтық жасағаны және мал ұрлағаны үшін де айыпты болды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді. Сот сол талапты қанағаттандырды.