Шымкентте Тоқтар Төлешовке тиесілі болған зәулім үй саудаға шығарылды
Шымкентте кезінде қаланың «сыра королі» атанған бұрынғы олигарх Тоқтар Төлешовке тиесілі болған зәулім үй аукционға қойылды. Мүліктің бастапқы бағасы 240,2 миллион теңге болып белгіленген, деп хабарлайды Tizgin.kz электронды сауда алаңының мәліметіне сілтеме жасап.
Бағасы 40 миллион теңгеге дейін төмендеуі мүмкін
Саудаға Шымкент қаласындағы жер телімімен бірге жеке тұрғын үй шығарылған. Лоттың бастапқы құны – 240 195 000 теңге. Алайда аукцион барысында баға төмендеп, мүлік кемінде 40 миллион теңгеге сатылуы мүмкін. Белгіленген ең төменгі межеден әрі қарай арзандатуға жол берілмейді. Лотқа тіркелген құжаттарда жер телімінің меншік иесі ретінде Тоқтар Жүсіпұлы Төлешов көрсетілген. Мүлікті жарғылық капиталға енгізу туралы келісімде де оның есімі, сондай-ақ «Шымкентпиво» және «Дархан Group» серіктестіктері аталады.

Саудаға лотты «Дархан Group» ЖШС шығарған. Жер телімінің аумағы – 0,0644 гектар. Аулада негізгі үйден бөлек тағы екі тұрғын жай мен қора орналасқан.
Аукцион 27 тамыз күні сағат 10:00-де басталады. Сауда голланд әдісімен өтеді: бұл тәсілде мүліктің бағасы сатып алушы табылғанға дейін біртіндеп төмендейді.
Тоқтар Төлешов не үшін сотталды
Тоқтар Төлешов 2016 жылдың қаңтарында Шымкентте күштік құрылымдар өткізген арнайы операция кезінде ұсталған. Сол жылы сот оны қатаң режимдегі түзеу мекемесінде 21 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен бірге Төлешовке коммерциялық және қоғамдық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Ол мемлекеттік билікті күшпен басып алуға әрекеттену, азаптау және адам өлтіру секілді барлығы 18 қылмыс бойынша кінәлі деп танылған.