Жаңалықтар

“Ішімдік пен есірткі сараптамасынан таза шықты”: Әбенов Базарбектің ісі жайлы мәлімет берді

Бақытжан Базарбекке қатысты жол апаты: Мұрат Әбенов тергеуге қойылуға тиіс сұрақтарды атады

Жамбыл облысында адам зардап шеккен жол-көлік оқиғасынан кейін экс-депутат Бақытжан Базарбектің бұрынғы әріптесі Мұрат Әбенов іс жөнінде білгенін баян етті. Ол Базарбекпен сөйлескенін айтып, оқиғаны біржақты бағаламай, апатқа алып келген барлық мән-жайды жан-жақты тексеруге шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Ол тергеудің егжей-тегжейін жариялай алмайды»

Мұрат Әбенов Бақытжан Базарбекті 12 жылдан бері жақсы білетінін және онымен дос екенін жазды. Оның сөзінше, Базарбек қоғам белсендісі әрі депутат болған кезінде жемқорлық пен заңсыздыққа қарсы ашық күрескен, кейінгі қызметтері де оның ұстанымын өзгерте алмаған. Әбенов жол апаты туралы ести сала бұрынғы әріптесімен телефон арқылы сөйлескен. Базарбек болған жағдайды өзі ашық түсіндіруге дайын болғанымен, тергеу мүддесіне байланысты ақпаратты жария етпеу туралы міндеттеме берген.

«Оның аудиториясы үлкен, өзі қоғамға кеңінен танымал. Сондықтан қазір айтылған кез келген пікір істің қабылдануына ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты ол тергеу барысын, нақты деректер мен техникалық мәліметтерді жариялай алмайды», – деп жазды Мұрат Әбенов.

Әбеновтің мәліметінше, Базарбек жол апатынан кейін алкогольдік және есірткілік масаңдыққа тексерілген. Сараптама нәтижесінде тыйым салынған заттар анықталмаған. Әбенов әзірге көліктің жылдамдықты асырғаны туралы да ресми ақпарат жоғын атап өткен. Сапар кезінде Базарбек көлікте әйелі және екі кішкентай баласымен бірге болған. Туыстарының айтуынша, ол балаларын алып жүргендіктен жолда ерекше сақ болған.

Мұрат Әбенов экс-депутаттың оқиға болған ауданда қалып, зардап шеккен азаматтың жағдайын біліп отырғанын жеткізді. Ол ауруханаға барып, жәбірленушінің анасы және жақындарымен кездескен.

«Бақытжан зардап шеккен адамға көмектесіп жатыр, оның денсаулығына қатты алаңдаулы. Ең бастысы – адам аман болсын. Қалғанының орны толады», – деді ол.

«Тек жүргізушінің әрекеті емес, жол қауіпсіздігі де тексерілуі керек»

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тасжолында болған. Бұған дейін осы учаскеде ірі қараны көлік қағып, жануардың өлексесі жол үстінде қалған. БАҚ мәліметінше, оны жолдан алып тастауға шыққан ер адамды Базарбек басқарған көлік қағып кеткен. Жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, полиция қылмыстық іс қозғаған. Мұрат Әбенов жазбасында жол апатына тек бір көлік жүргізушісінің әрекеті тұрғысынан қарауға болмайтынын айтты. Оның пікірінше, тергеу малдың ақылы әрі жоғары жылдамдықпен жүруге арналған халықаралық трассаға қалай шыққанын да анықтауы қажет. Ол мұндай жолдар қоршаумен, жедел ескерту және көмек көрсету жүйелерімен қамтамасыз етілуге тиіс екенін атап өтті. Сондықтан қоршаудың бүтіндігі, жол операторының трассаны бақылауы және апаттан кейін арнайы қызметтердің оқиға орнына жету жылдамдығы да тексерілуі керек деп санайды.

Сондай-ақ тергеу барысында жүргізушінің жылдамдығы, маневрі, жолдың көріну деңгейі мен жабын сапасы, авариялық белгі қойылған-қойылмағаны және оқиға орнындағы адамдардың қауіпсіздік талаптарын қаншалықты сақтағаны анықталуға тиіс. Әбенов бұл үшін бейнебақылау камераларындағы жазбаларды, телефон қоңырауларын және арнайы қызметтердің деректерін зерттеу қажет екенін жазды.

«Базарбек кінәлі ме? Бұған мен емес, тергеу жауап беруі керек. Оның кінәсі бар ма, болса, қандай дәрежеде? Апаттың алдын алуға мүмкіндігі болды ма? Мұның бәрін сараптама анықтауға тиіс», – деді экс-депутат.

Мұрат Әбенов бұл жазбасы арқылы досын жауапкершіліктен арашалауға тырыспайтынын да мәлімдеді. Оның сөзінше, Базарбек кінәлі деп танылса, ол өз беделін пайдаланып, жеңілдік сұрамауға тиіс.

«Заң алдында бәрі тең. Егер кінәсі анықталса, мен оны досым болғаны үшін ақтамаймын. Тергеу мен соттың шешімін қабылдаймын. “Заң мен тәртіп” қағидатына адалдығымыз жауапкершілік өзімізге немесе жақындарымызға келген кезде сыналады», – деп түйіндеді Мұрат Әбенов.

Ол ең алдымен жол апатынан зардап шеккен азаматтың тезірек сауығып кетуін тіледі. Ал оқиғаға құқықтық бағаны тергеу мен сот беруі керек екенін атап өтті.

Бақытжан Базарбекке қатысты жол апаты

Бұқаралық ақпарат құралдары бірер күн бұрын Жамбыл облысында бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғанын жарыса жазған. Tizgin.kz Жамбыл облысы полиция департаментіне хабарласып, істің мән-жайын білді. Жамбыл облысының полиция департаменті жол апаты болғанын растады. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.

«Тұрар Рысқұлов ауданында болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, Toyota автокөлігінің жүргізушісі Б. есімді азамат жолдың жүру бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Жол апаты салдарынан зардап шегуші орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр. Оқиғаға қатысты түпкілікті құқықтық баға тергеу қорытындысы бойынша беріледі.

Back to top button