Шымкенттегі атышулы қылмыс: Колесниковты өлтіру ісі бойынша алты адам сотқа тартылды
Шымкентте 40 жастағы Василий Колесниковты ұрлап әкетіп, өлтіргендер ісі сотқа түсті. Атышулы қылмыстық іс бойынша алты адам айыпталушы ретінде жауапқа тартылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Алдын ала тыңдау қашан өтеді
Адвокат Талғат Есімовтің мәліметінше, қылмыстық іс материалдары Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түскен. Істі судья Әбинұр Қарабаев қарайды.
«Қылмыстық іс бойынша алты адам айыпталушы ретінде өтіп жатыр. Алдын ала тыңдау 2026 жылы 24 тамызда сағат 15:00-ге белгіленді», – деді Талғат Есімов.
Күрестен спорт шебері Василий Колесников биыл 20 қаңтарда бірнеше кісінің қолынан мерт болған. Алғашқыда жол үстіндегі жағдай кәдімгі көлік апатынан кейін басталғандай әсер қалдырған, арты жаппай төбелеске ұқсаған. Алайда кейін адвокат Колесниковты арнайы торуылға түсіру үшін көліктердің соқтығысуы әдейі ұйымдастырылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Оқиғадан кейін жарияланған бейнежазбадан жол бойына бір топ адамның жиналғаны көрінеді. Артынша төбелес басталып, бірнеше адам Колесниковты күшпен көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен.
«Василий Колесниковқа жол-көлік оқиғасын әдейі ұйымдастыру арқылы торуыл жасалған. Кейін оған тұтқиылдан шабуыл жасап, пышақтармен және тапаншаға ұқсас затпен қорқытқан. Соққыға жығып, белгісіз бағытқа күштеп алып кеткен», – деді адвокат.
Ұрланған ер адамды бірнеше сағат бойы іздеген. Кейін оның денесі Түркістан облысының Ордабасы ауданында аурухана маңында табылды.