Меркедегі жас әйелдің өлімі: полиция мәлімдеме жасады

Жамбыл облысында 19 жастағы Мадина Рашидқызы көз жұмғаннан кейін оның құрбысы желіде бұл оқиғаға отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін екенін жазған. Осы нұсқаны желілерде пікір жазушылар іліп әкетіп, істің әділ тергеуін талап етіп жатыр. Ал кешқұрым Жамбыл облысының полиция департаменті мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиға жайлы
Мадинаның артында 8 айлық сәбиі қалды. Қайғылы оқиғаға дейін бойжеткен құрбысына күйеуімен жанжалдасып қалғанын және оған күш көрсетілгені туралы жазған.
15 тамыз күні Threads әлеуметтік желісінде _musakhzoahnova атымен тіркелген қолданушы құрбысы өзіне қол жұмсағанын хабарласап, екеуі жазған хабарламалардың скриншотын жариялады. Мәтіннен ұрыс баласына деп алып келген «Барни» бисквитін әйелі жеп қойғанынан басталғанын түсінуге болады. Марқұм Мадина құрбысына жанжал неден басталғанын жазып, ақша сұраған.
Жамбыл облысының полиция департаменті бұған дейін өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған. Полиция мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр.
Ресми хабарлама
Осы оқиға турасында расталмаған деректер көп тараған соң облыстық полиция тағы мәлімдеме таратты. Полиция тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
“Өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеумен барлық мән-жайлар анықталуда. Полиция қызметкерлері тараптардың барлық уәждерін тексеріп, мәліметтерді зерделеп, оқиғаның толық жағдайларын анықтауда. Тергеу үшін маңызы бар әрбір дерекке құқықтық баға беріледі. Полиция азаматтарды тергеу амалдары аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға және расталмаған ақпаратты таратпауға шақырады”, – делінген мәлімдемеде.
Құзырлы орган тергеу жан-жақты әрі объективті жүргізілетінін хабарлайды. Оның барысы Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.