TOP-2ЖаңалықтарОқиға

«Денесінің сау-тамтығы жоқ»: Меркедегі әйелдің өліміне қатысты тың ақпарат шықты

Жамбыл облысында 19 жастағы Мадина Рашидқызы көз жұмды. Артында 8 айлық сәбиі қалды.  Қайғылы оқиғаға дейін бойжеткен құрбысына күйеуімен жанжалдасып қалғанын және оған күш көрсетілгені туралы жазған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Барниден басталған дау-дамай»

15 тамыз күні Threads әлеуметтік желісінде _musakhzoahnova атымен тіркелген қолданушы құрбысы өзіне қол жұмсағанын хабарласап, екеуі жазған хабарламалардың скриншотын жариялады.

Мәтіннен ұрыс баласына деп алып келген «Барни» бисквитін әйелі жеп қойғанынан басталғанын түсінуге болады. Марқұм Мадина құрбысына жанжал неден басталғанын жазып, ақша сұраған.

«Ол маған заттарымды жинап, үйден кетуімді сұрады. Менің басымнан ұрып, мен құлап қалдым. Ойлашы, 1 дана барни үшін… Заттарымды жинап жатырмын, ажырасам. Ақша бере тұршы, өтініш. 15 000 теңге шықпай ма, өтініш, бере тұршы», – деп Мадина құрбысына жазған.

Құрбысы жалақысы келесі айда түсетінін жазған және Мадинадан құрсақтағы сәбиіне қанша апта болғанын сұраған. Әңгіме осы жерден үзілген.

Фото: Скриншот
Фото: Скриншот
Фото: Скриншот
Фото: Скриншот

«Видео, фотоларды ала тұр»

16 тамыз күні ол әлеуметтік желіде Мадинаның жолдасы Мадияр жазған хабарламаны салды.

«Бүгінше барлық фото, видеоларды әлеуметтік желіден ала тұр. Ертең келем деп отырсың ғой. Сағат жетіде жаназасы болады. Мадинаның анасы, ағалары бәрі осы жерге келеді. Сол жерде сөйлесіп, ашығын анықтаймыз. Маған да оңай болып тұрған жоқ. Мадина бұлай істейді деп ойлаған жоқпын. Ол маған кетем деген болатын. Сол туралы сөйлескен болатынбыз. Видеоларды ала сал, Мадинаның анасы, ағалары келген соң шешім шығарам», – деп жазған Мадинаның жолдасы.

«Денесінің сау-тамтығы жоқ»

Мадинаның құрбысы жаназаға барған соң осы оқиғаға қатысты өз ойын бөлісті.

«Әртүрлі болжам жасап жатырсыздар. Бәрі мүмкін. Мүмкін ұрып өлтіріп қойып, асып қойды ма – білмеймін. Мадина баласы түсіп қалған кезде қатты жылаған. Осы жолы да аяғы ауыр болыпты. Мен аяғы ауыр күйде асылып қалғанына сенбеймін. Ол ондай қатігездікке бармайды. Оның алдында баласы түсіп қалған кезде күйеуі ақшасы жоқ екенін айтып ауруханаға да апармай қойған. Мадинаның денесінің сау тамтығы жоқ. Сүйреп асып қойған сияқты. Ол өзін өлтірген адамға ұқсамайды – шыны керек. Шашы қоқым-қоқым, аяғы сырылған. Күйеуі жаназасына келген жоқ, ояты болса келуі керек еді» – деп жазды ол.

Фото: Скриншот

Полиция не дейді

Жамбыл облысының полиция департаменті бұған дейін өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған.

Полиция мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр.

Back to top button