Жаңалықтар

Атом саласында отандық кәсіпорындарға қандай мүмкіндік ашылады

Қазақстанда отандық кәсіпорындардың атом саласындағы стратегиялық және инфрақұрылымдық жобаларға қатысу мүмкіндігі кеңеймек. Осы мақсатта Атом энергиясы жөніндегі агенттік, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Atomic Industry Development Association өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ұлттық жеткізу тізбегі қалыптастырылады

Құжатқа Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев және Atomic Industry Development Association басшысы Бақытжан Қадырбаев қол қойды.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Меморандум мемлекет, бизнес және салалық қоғамдастық арасындағы тұрақты әріптестікті қалыптастыруды көздейді. Тараптар атом саласын дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны күшейту және отандық кәсіпорындарды стратегиялық жобаларды іске асыруға тарту бағытындағы жұмысты өзара үйлестірмек.

Ынтымақтастықтың негізгі міндеттерінің бірі – атом саласындағы жергілікті қамту үлесін арттыру. Бұл үшін ел ішінде қажетті өнім өндіруді, инжинирингтік және сервистік қызметтерді дамытып, ұлттық жеткізу тізбегін қалыптастыру жоспарланған.

Шағын және орта бизнеске мүмкіндік беріледі

Атом және онымен сабақтас салалардағы жобаларға шағын, орта және ірі бизнесті тартуға ерекше назар аударылмақ. Сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау, технологиялық, өндірістік, сервистік және сараптамалық құзыреттерді ел ішінде дамыту көзделген.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Бұдан бөлек, тараптар мемлекеттік органдарға арналған талдамалық және сараптамалық ұсыныстарды бірлесіп әзірлеуге келісті. Олар әдістемелік материалдармен алмасып, атом саласындағы заңнама мен нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде де ұсыныстар бермек.

Меморандумды іске асыру қазақстандық компаниялардың атом саласындағы жобаларға қатысу аясын кеңейтіп, саланың технологиялық және өндірістік базасын қалыптастыруға ықпал етуге тиіс.

Back to top button