ЖаңалықтарОқиға

Елімізде бір тәулікте 22 табиғи өрт тіркелді: ТЖМ соңғы мәліметті жариялады

қазіргі уақытта 13 табиғи өрт пен жану ошағы бақылауда тұр.

Қазақстанда өткен тәулікте 22 табиғи өрт пен жану дерегі тіркелді. Оның 17-сі Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен толық сөндірілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Төрт өңірдегі өрттер бақылауда

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта 13 табиғи өрт пен жану ошағы бақылауда тұр. Өрттер:

  • Шығыс Қазақстан облысында;
  • Абай облысында;
  • Ақмола облысында;
  • Қарағанды облысында тіркелген.

Өртті сөндіру жұмыстары күрделі жағдайда жүргізілуде

Мамандардың айтуынша, өртті сөндіруге таулы-далалы аймақтардың қолжетімсіздігі, жер бедерінің күрделілігі, аптап ыстық пен қатты екпінді жел кедергі келтіруде.

Табиғи өрттерді ауыздықтауға ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың 1300-ге жуық қызметкері және 240-тан астам техникасы тартылған.

Әуеден бақылау күшейтілді

Құтқарушылар жағдайды үздіксіз бақылауда ұстап отыр. Өрт ошақтарын анықтау және жалынның таралуын қадағалау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» әуе кемелері арқылы әуеден барлау жұмыстары жүргізілуде.

Елді мекендерді қорғау – басты міндет

Өрттің елді мекендерге, тұрғын үйлерге, шаруашылық нысандарына және ауыл шаруашылығы алқаптарына таралуына жол бермеу үшін бірінші кезектегі шаралар қабылдануда.

Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайдың толық бақылауда екенін мәлімдеді. Құтқарушылар табиғи өрттерді сөндіру жұмыстарын жалғастырып, олардың одан әрі таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Еске салсақ, кеше түнде Қарағанды өңірінің бір ауылында өрт өршіп, тұрғындар дабыл қақты. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Жаңатоған ауылы маңында табиғи өртті сөндіру жұмыстары жүргізілді. Жергілікті тұрғындар жалынның қыстаулар мен жиналған шөпті шарпып, елді мекенге жақындағанын айтады. Ал облыс әкімдігі әзірге өрттің ауыл аумағына таралуына жол берілмегенін мәлімдеді.

Back to top button