Димаш Оңтүстік Американың тағы бір елінде концерт береді
Әншінің жеке концерті 2026 жылғы 1 желтоқсанда Перу астанасы Лима қаласында өтеді.
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген осы қыста алғаш рет Перуде жеке концертін өткізеді. Лимада өтетін бұл концерт оның жаңа DiMENSIONS әлемдік турының аясында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Лимадағы алғашқы концерт
Димаштың жеке концерті 2026 жылғы 1 желтоқсанда Перу астанасы Лима қаласында өтеді. Бұл – өнерпаздың Перу сахнасындағы алғашқы жеке кеші болмақ.
Концерттік бағдарламада көрермендерге әсерлі музыкалық қойылымдар, заманауи визуалды безендіру және ұмытылмас эмоциялар сыйлайтын ерекше шоу ұсынылады. Алдағы концерт туралы хабарландыру Димаштың ресми Instagram парақшасында жарияланды.
Афишада:
«Димашпен бірге дыбыс пен жарықтың мүлде жаңа өлшемін ашуға дайын болыңыз!» – деп жазылған.
Жанкүйерлер қуанышын жасырмады
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлер бұл жаңалықты зор ықыласпен қабылдап, пікірлерінде жылы лебіздерін білдірді.
Олардың арасында:
«Перуге қош келдіңіз, Димаш!»
«Керемет жаңалық! Перу тұрғындарын құттықтаймын. Димашты барлық жерде асыға күтеді!» – деген пікірлер жазылған.