TOP-1Сараптама

1 ГВт қуат және $3 млрд экспорт: Екібастұздағы Data-алқаптан Қазақстан не ұтады

Екібастұздың жаңа келбеті қандай болады

Қазақстанда жасанды интеллект пен бұлтты технологияларға қажетті есептеу инфрақұрылымын құрудың жаңа кезеңі басталды. Павлодар облысындағы Екібастұзда есептеу қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін Data-алқап қалыптастыру жоспарланған. Алғашқы деректер орталығын 2027 жылғы маусымда іске қосу көзделіп отыр. Жобаның ерекшелігі – Қазақстан электр энергиясын жай ғана тұтынбай, оны есептеу қуатына айналдырып, одан жоғары қосылған құны бар цифрлық қызмет өндіруге ниетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сатылы стратегия

Бірақ Екібастұздағы жоба жеке тұрған бастама емес. Оның алдында Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымның бірнеше маңызды буыны қалыптасты. Ұлттық суперкомпьютер іске қосылып, Astana Hub айналасында IT бизнес пен экспорттық қызметтер өсті. Халықаралық спутниктік интернет операторлары Қазақстанда инфрақұрылымдық нүктелер құруға кірісті, Ал Каспий арқылы өтетін жаңа интернет кабель елдің халықаралық трафиктегі рөлін күшейтуге тиіс. Осыдан кейін ірі есептеу қуатын орналастыратын деректер орталықтарын салу – дамудың келесі сатысына айналмақ.

Қазақстандағы осы экожүйенің маңызды элементтерінің бірі – Alem.cloud суперкомпьютері. Ол былтыр ресми түрде іске қосылып, Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютер ретінде таныстырылды. Әлемдегі 500 ең қуатты суперкомпьютердің рейтингінде 86-орынға кірген Alem.cloud жасанды интеллект модельдерін оқытуға, күрделі есептеулер жүргізуге және ғылыми-технологиялық жобаларды орындауға қажетті есептеу ресурсын қалыптастырды.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Alem.cloud арқылы елде жоғары өнімді есептеулердің негізі қаланса, Екібастұздағы жоба оны өнеркәсіптік ауқымға шығаруға мүмкіндік береді. Біріншісі жоғары өнімді есептеуге қажетті технологиялық базаны қалыптастырса, екіншісі әлдеқайда ірі көлемдегі есептеу қуатын коммерциялық мақсатта пайдалануға жол ашпақ.

Екінші тірек – Astana Hub. 2025 жылы оның қатысушылары 1,1 млрд доллардың IT қызметін экспорттаған. Бұл көрсеткіш Қазақстанда цифрлық өнім мен қызмет көрсететін компаниялардың қалыптасып қалғанын көрсетеді. Демек, алдағы уақытта деректер орталықтарының тұтынушылары тек шетелдік технологиялық алпауыттар емес, Қазақстанда жұмыс істейтін IT компаниялар да болуы мүмкін.

Мұның экономикалық мәні бар. Деректер орталығы өздігінен өнім өндірмейді. Ол басқа компанияларға есептеу ресурсын ұсынады. Егер Қазақстанда жасанды интеллект әзірлейтін, үлкен деректермен жұмыс істейтін немесе бұлтты қызмет көрсететін компаниялар көбейсе, олардың есептеу қуатына сұранысы да артады. Осы тұрғыдан Astana Hub-та қалыптасқан IT экожүйе мен Екібастұздағы есептеу инфрақұрылымы бір-бірін толықтыра алады.

Ал Екібастұз жобасының басты артықшылығы – электр энергиясының құны болуы мүмкін. Энергетика министрлігі 2027 жылы Қазақстанда электр қуатының профициті қайта қалыптасуы мүмкін екенін мәлім еткен болатын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Екібастұздағы ЖИ-алқап үшін 1 кВт/сағ электр энергиясына 2,5 АҚШ центі деңгейінде тариф ұсынылмақ.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мұндай тариф АҚШ-тағы ұқсас есептеу алқаптарындағы бағадан шамамен төрт есе арзан, ал Еуропада электр энергиясының құны 20-40 еуроцент аралығында. Егер бұл көрсеткіштер нақты іске асып, ұзақ мерзімді тарифтік артықшылық сақталса, Қазақстанның деректер орталықтары үшін маңызды бәсекелік артықшылығы пайда болады.

Фото: PRIMEMINISTER.KZ

Мұның себебі түсінікті: жасанды интеллект жүйелерін оқыту мен жұмыс істету үшін орасан зор есептеу қуаты қажет, ал есептеу қуаты көп электр энергиясын тұтынады. Сондықтан чиптердің бағасымен қатар электр энергиясының құны да деректер орталығының жалпы шығынында шешуші факторлардың біріне айналады.

Яғни жобаның экономикалық мәні қарапайым: Қазақстандағы салыстырмалы түрде арзан электр энергиясы үлкен деректер орталықтарының жұмысын қамтамасыз етеді. Олар осы қуатты пайдаланып, жасанды интеллект пен бұлтты қызметтерді ұсынады. Ал бұл қызметтерді шетелдік компаниялар сатып алса, Қазақстан цифрлық қызмет экспортынан табыс табады.

Жобаға NVIDIA мен Firebird AI компанияларының қатысуы осы тізбектің технологиялық бөлігін күшейтеді. Қазақстан, Firebird және NVIDIA арасында жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша 10 млрд доллар көлеміндегі келісімдер пакеті жасалған. Жоба аясында жасанды интеллекті дамытуға қажетті ірі есептеу кластері құрылады. Оған 100 мыңға дейін GPU – күрделі есептеулерді орындайтын арнайы графикалық процессор орнату жоспарланған.

Каспий табанындағы әлеует

Ал алғашқы деректер орталығының қуаты 50 МВт болады. Кейін оны кезең-кезеңімен кеңейтіп, жалпы есептеу қуатын 1 ГВт-қа дейін жеткізу көзделіп отыр. Сондықтан Екібастұздағы жоба бір ғимаратпен шектелмейді. Оның айналасында деректер орталықтары, есептеу кластерлері, бұлтты қызметтер және жасанды интеллект инфрақұрылымы шоғырланған ірі технологиялық алаң қалыптастыру жоспарланған.
Бірақ осы жерде жобаның ең маңызды сұрағы туындайды: 1 ГВт есептеу қуатын кім пайдаланады?

Деректер орталығын салу – бір мәселе, оның қуатын тұрақты түрде сату – екінші мәселе. Егер орталықтағы есептеу ресурсы толық жүктелмесе, орнатылған қуаттың өзі экономикалық нәтиже бермейді. Сондықтан халықаралық технологиялық компанияларды, бұлтты қызмет көрсетушілерді, жасанды интеллект әзірлеушілерін және басқа да ірі тұтынушыларды тарту маңызды міндетке айналады.

Бұл тұрғыда Қазақстанның халықаралық байланыс инфрақұрылымы да маңызды рөл атқарады. 2027 жылға дейін OneWeb, Starlink, Amazon және Shanghai SpaceSail сияқты спутниктік интернет компаниялары Қазақстан аумағында аймақтық инфрақұрылым нүктелерін салуға келісіп отыр. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы спутниктік интернет қызметтерінің өңірлік инфрақұрылым алаңына айналдыруы мүмкін.

Сонымен қатар Каспий табаны арқылы тартылып жатқан интернет кабельдің іске қосылу мерзімі таяп келеді. Ол Ресей аумағы арқылы өтетін бағытқа балама халықаралық маршрут қалыптастырмақ. Есептеулер бойынша, осы жобалардың нәтижесінде Азия мен Еуропа арасындағы интернет-трафик транзитіндегі Қазақстанның үлесін 1,5%-дан 5%-ға дейін артуы мүмкін.

Бұл Екібастұз деректер алқабы үшін маңызды. Себебі үлкен есептеу қуатының болуы жеткіліксіз – ол әлемдік желіге жоғары жылдамдықпен қосылуы керек. Демек, арзан электр энергиясы, қуатты есептеуіш құрылғылар және халықаралық байланыс қатар болған жағдайда ғана Қазақстан деректер орталықтарына тартымды орынға айнала алады.

Осы үш фактордың бір жерде тоғысуы Екібастұз жобасының негізгі артықшылығы болуы мүмкін. Электр энергиясы есептеу қуатын қамтамасыз етеді, NVIDIA секілді технологиялық серіктестер қажетті жабдық пен технологияны береді, ал халықаралық байланыс инфрақұрылымы сол есептеу қуатын сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.

Цифрлық елшілік

Жобаның тағы бір бағыты – «цифрлық елшілік» тұжырымдамасы. Оның аясында басқа мемлекеттердің деректерін Қазақстан аумағындағы деректер алқабында сақтау мүмкіндігі қарастырылып отыр. Егер бұл модель іске асса, Қазақстан жай ғана есептеу ресурсын ұсынбай, шетелдік мемлекеттік және корпоративтік құрылымдарға цифрлық инфрақұрылым қызметін де экспорттай алады.

Алайда мұндай жоспарлардың алдында бірнеше тәуекел тұр. Біріншісі – технологияның жылдам жаңаруы. Жасанды интеллект саласында есептеуіш құрылғылардың жаңа буыны өте тез пайда болады. Сондықтан бүгін салынған орталықтың бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін жабдықты тұрақты жаңарту қажет.

Екіншісі – электр энергиясының тұрақтылығы. 1 ГВт деңгейіндегі есептеу инфрақұрылымы үшін энергиямен үздіксіз қамтамасыз ету аса маңызды. Электр қуатының бағасы арзан болғанымен, жеткізілім тұрақсыз болса, халықаралық клиент үшін мұндай орталықтың тартымдылығы төмендейді.

Үшіншісі – кадр. Үлкен деректер орталығына тек инженерлер емес, жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік, бұлтты есептеулер және жоғары өнімді есептеу салаларындағы мамандар қажет.

Төртіншісі – нақты клиент. Жоба бойынша жыл сайын кемінде 3 млрд доллар экспорттық кіріс түседі деген болжам айтылды. Бірақ бұл – жоспарлы көрсеткіш. Оның орындалуы Қазақстанда қанша есептеу қуаты орнатылғанына емес, сол қуаттың қаншасы нақты клиенттерге сатылғанына байланысты болады.

Қазақстан электр энергиясын есептеу қуатына, есептеу қуатын цифрлық қызметке, ал цифрлық қызметті экспорттық табысқа айналдыруға тырысып отыр.

Егер осы тізбектің әр буыны жұмыс істесе, Екібастұздағы жоба Қазақстанның цифрлық экономикасындағы кезекті инфрақұрылымдық нысан емес, елдің жаңа экспорттық қызметтерінің негізіне айналуы мүмкін. Ал оның басты сынағы – жоспарланған 1 ГВт қуатты салу емес, сол қуатты әлемдік нарықта кімге және қаншаға сата алатыны болмақ.

Back to top button