TOP-2Жаңалықтар

Қарағанды өңірінің бір ауылында өрт өршіп, тұрғындар дабыл қақты: әкімдік не дейді

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Жаңатоған ауылы маңында табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті тұрғындар жалынның қыстаулар мен жиналған шөпті шарпып, елді мекенге жақындағанын айтады. Ал облыс әкімдігі әзірге өрттің ауыл аумағына таралуына жол берілмегенін мәлім етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Ауыл адамдарының күші жетпейді»

Жаңатоған ауылының тумасы Керім Аянқызы әлеуметтік желіде жағдайдың күрделі екенін айтып, жауапты органдардан көмек сұрады. Оның сөзінше, өрт салдарынан бірнеше тұрғынның қыстауы мен қысқа жинаған шөбі жанып кеткен.

Ауыл тұрғындары өртпен өз күшімен күресіп жатыр. Автордың мәліметінше, жалынды сөндіруге қатысқан ер адамдардың бірі денесінің 50 пайызын күйік шалып, ауруханаға жеткізілген.

«Жалғыз ауыл адамдарының күші жетпейді. Ауыл ішіне жақындап қалыпты. Дұрыс техника жұмылдырса, ауыздықтауға болатын еді ғой», – деп жазды Керім Аянқызы.

Ол өрттің бірнеше күн бұрын Шет ауданы жағынан басталғанын айтып, шалғай елді мекендерде қажетті техниканың жеткіліксіздігіне назар аударды.

Әкімдік жедел штаб құрылғанын хабарлады

Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, Жаңатоған ауылы маңында құрғақ өсімдіктер өртеніп жатыр. Қатты жел мен таулы жер бедері өрт сөндірушілердің жекелеген ошақтарға жетуін қиындатып, жалынның одан әрі таралу қаупін күшейткен. Елді мекенді қорғап, өрттің ауылға қарай таралуына жол бермес үшін Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылған. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің қосымша күштері мен техникасы жіберілген.

Облыстық ТЖД жанынан өрт сөндіру жұмыстарына тартылған бөлімдердің іс-қимылын үйлестіретін жедел штаб құрылған. Әкімдік қазіргі уақытта жалынның елді мекенге таралуына жол берілмегенін, өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатқанын хабарлады.

Ресми мәлімдемеде өрт шарпыған аумақтың көлемі, жұмылдырылған адам мен техника саны, сондай-ақ зардап шеккен тұрғын туралы ақпарат әзірге нақтыланбаған.

Tizgin.kz порталы әкімдіктен “шабындығы өрт шалған адамдарға әкімдіктен көмек бола ма?” деп сұраған. Ол тараптан “әзірге әуелі өртті сөндіру керек” деп жауа берілді.

Back to top button